Ұлытау облысында бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлерін салтанатты түрде қарсы алды
Ұлытау облысында бокстан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлері Владислав Саможонов пен Индира Қыдырмолдаеваны салтанатты түрде қарсы алды.

16-27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында өткен әлем чемпионатында ұлытаулық спортшылар екі медаль жеңіп алды. Владислав Саможонов аса ауыр салмақ дәрежесінде (+90 келі) күміс жүлдегер атанса, Индира Қыдырмолдаева 60 келі салмақта қола медаль иеленді.

Спортшыларды қарсы алу рәсімінде Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елдос Абдраев сөз сөйлеп, қос боксшының жетістігін өңір спорты үшін тарихи оқиға деп бағалады.

«Шын мәнінде, бұл – тарих! Екі спортшымызды да осындай биік белестерді бағындыруымен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, алдағы жарыстарда сәттілік тілеймін. Әлем шыңын, болашақта Олимпиада шыңын бағындыруларыңызға тілектеспін! Сондай-ақ Ұлытау облысында бокс спортының дамуына үлес қосып жүрген барлық бапкерге арнайы алғысымды білдіремін. Бұл жетістікте сіздердің еңбектеріңіз зор», – деді ол.
Салтанатты қарсы алу рәсіміне спортшылардың жақындары мен жанкүйерлері қатысып, әлем чемпионатының жүлдегерлерін құттықтады.
Ұлытаулық боксшылардың халықаралық жарыстағы нәтижесі өңірде бокс спортының дамуы мен жас спортшыларды даярлау жұмысының маңызды жетістіктерінің бірі болды.
