Ауылдастары арда ұлын ардақтады
Көзден кетсе де көңілден кетпейтін жандар болады. Күні кеше күллі Аманкелді ауылының жұртшылығы ардақтап, еске алған арда ұлан – Толқынбек ЕРМАҒАНБЕТОВ сондай асыл азаматтардың бірі еді. «Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған» жан ол. Ортамыздан ерте кетті. Ерлігі мен еліне, жеріне деген махаббатын ұрпақтарына үлгі етіп кетті…
Сонау жетпісінші жылдардың бел ортасында Аманкелді ауылында «Сарлық самалы» əн-би ансамблі өмірге келді. Сол кездегі бозбала Толқынбек осы өнер ұжымының белді мүшесі болды. Ол орындаған «Көзімнің қарасы», «Атамекен», «Ауылым», «Əдемі-ау», «Жанарым», «Маралдым», «Жезкиік», «Сəби болғым келеді» əндерін ауылдастары сағына, тамсана еске алады. Ол сексенінші жылдары осы өнерінің арқасында лауреат атағын алды.
Еңбекте де елдің алдында жүрді. Əскер қатарынан келгеннен кейін өмірінің соңына дейін өзі туып-өскен Сарлық ауылында механизатор болып тер төкті. Оның «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталуының өзі сол еселі еңбегінің жемісі. Кім біледі,егерс сол бір алапат өрт болмағанда ол еңбекте де, өнерде де əлі талай марапаттарға ие болып, биіктерден көрінер ме еді…
1984 жылдың жазында, Көгалажар жазығында найзағайдың жасыны түсіп, алапат өрт орын алды. Жан-жағындағыны жалмаған қызыл жалын кеше ғана шабылып, жалға салынған шөпке тигенде тіптен өршеленіп кетті. Шабындықта шалғы тіркелген тракторлар да тұр еді. Енді болмаса сол қоғамның байлығы көз алдына көлге айналғалы тұрғанын көрген Толқынбек Ермағанбетов пен Дауылбай Тобағабұлов жалын ішіне қойып кетті…
Екеуі де естерін ауруханада жиды. Дауылбайдың көрер дəм-тұзы таусылмапты. Денесін шарпыған күйіктің көлемі де өміріне аса қауіпті емес еді. Ал, Толқынбек ақ дəкеге таңылған күйі өмірден өтті. Жоқ! Ол əлде бір жасықтар сияқты боркеміктік көрсетпеді. Өмірінің соңғы сəттерінде де айналасындағы сырқаттарды «Ауылыммен» арқаландырып, «Жанарымды» шырқап, жадыратып жаттың Сол əн салып жатып мына жарық дүниемен қоштасты.
Содан бері де міне 40 жыл уақыт өтіпті. Өткен аптаның соңында Толқынбектің ұрпақтары мен бауырлары бастап, ауылдастары қолдап Толқынбек Ермағанбетовты еске алуға арналған «Толқынбек салған əндер-ай» атты əн байқауы жəне «Ерлігі елдің есінде» атты жазба ақындар мүшəйрасы өтті. Байқауға Ұлытау ауданы, Сəтбаев жəне Жезқазған қалаларынан 17 əнші, 8 ақын қатысты. Ал, олардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсылық Шоқтаев, Құрмет орденінің иегері Береке Көшенов, Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі Нұрлан Қасқырбайұлы, «Сарлық самалы» ансамблінің ардагері Сəрсенкүл Асқарқызы бағалады. Байқаудың шымылдығын Ұлытау аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Қасымбеков ашып, Толқынбекті еске алуға арналған кешке қолдау көрсетіп, қатысуға келген өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, сəттілік тіледі.
Бұдан кейін сөз алған «Сарлық самалы» əн-би ансамблінің көркемдік жетекшісі болған Жақсылық Шоқтаев пен Толқынбекпен бірге оқыған сыныптастары атынан сөз алған Өзденбай Жұманов тебірене сөйлеп, естеліктер айтты.
Кезек өнерпаздарға беріліп, мектептің мəжіліс залын төрт сағатқа жуық əуезді əн кернеп тұрды. Ауылдықтар да Толқынбек салған əндерге əбден шөліркеп қалған екен тапжылмай отырып тыңдадың Қатысушылар байқаудың шарты бойынша бір əнді Толқынбек Ермағанбетовтың репертуарынан шырқаса, бір əнде өз таңдауларына қалдырды. Осылайша бұл күні сахнадан Толқынбек салған Атамекен», «Ауылым», «Жанарым, «Жезкиік», «Сəби болғым келеді» əндері қайыра қалықтап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Ал жазба ақындар əуелі Толқынбек Ермағанбетовтың ерлігін жырларына арқау етсе, екінші кезекте ауыл, туған жер туралы өлеңдер оқып, тыңдармандарды бір серпілтіп тастады.
Байқау мəресіне жетіп жазба ақындар арасында суырылып шыққан үш ақын жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, І орын Абай Оразға, ІІ орын Мұқағали Сейітқазыға бұйырса, ІІІ орынды Құрмет Тілеулинов пен Медет Қарахметов өзара бөлісті.
Ал, əн байқауында І орын Сағынай Мəлібековтің еншісіне жеке тисе өзге орындарды əншілер өзара бөлісті. Атап айтқанда ІІ орын Асхат Сағындықов пен Жандос Сұлтанға, ІІІ орын Айгүл Жөкіжан мен Саламат Момбековке бұйырды.
Байқауға қатысқан өзге əншілер де құр қол қайтқан жоқ. Байқаудың бас демеушісі Толқынбек Ермағанбетовтың ұрпақтары мен бауырлары тіккен қомақты қаржы мен Толқынбектің сыныптастары тіккен қаржы қатысушыларға теңдей етіп бөлініп берілді. Ауыл əкімі Бұқар Байжантаев барлық қаысушыларды Алғыс хатпен марапаттады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.