Ұлттық болмысты ұлықтаған тағылымды сайыс
Ұлт ұясы – Ұлытауда аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған «Ақ отаудың ажары» атты аудандық келіндер сайысы өтті.

Бәсекелі сынға кенттер мен ауылдардан келіндер қатысып, 10 үміткер бақ таластырды. Борсеңгір ауылынан Лаура Рахметова, Ақтас кентінен Меруерт Жанабаева, Жезді кентінен Лиза Нұрділла, Мибұлақ ауылынан Жанар Сайдалина, Байқоңыр ауылынан Саягүл Берікқызы, Терісаққан ауылынан Аружан Сүлеймен, Қаракеңгір ауылынан Жансая Қожабай, Егінді ауылынан Келбет Жаңбырбай, Ұлытау ауылынан Күләнда Ботабек, Алғабас ауылынан Зулфия Төрегелдиева қатысты.
Байқау бес кезеңнен тұрды. Әуелі «Мен бақытты келінмін» тақырыбында келіндер өзін және отбасын таныстырды. Екінші кезең «Зерделі келін» деп аталып бұл сайыста үміткерлердің парасаттылығы, тапқырлығы сын сарабына салынды. «Өнерлі келін» бөлімінде әрқайсысы өз өнерлерін ортаға салды. Келіндердің шығармашылық қарым-қабілеті сыналды. Төртінші кезең «Шебер қол» деп аталды. Онда келіндер қолдан жасаған қолөнер туындылары мен ұлттық тағамдарынан бейнеролик көрсетті. Бесінші кезеңде үміткерлер «Келін стилі» деген атаумен қазақтың ұлттық киімдерінен сән үлгісін көрсетіп, әшекейлі киімдерімен дараланды.
Байқау барысында үміткерлерге қазақы әдептілік, байсалдылық, сөйлеу әдебі мен өзін-өзі ұстай білу шарттары қойылды. Осылайша, әр кезеңдегі сындар үміткерлерге үлкен жауапкершілік жүктеді. Олардың ұлттық салт-дәстүрді қаншалықты меңгергендігін қазылар алқасы сараптады. Ортақ мәміледе, сөйлеу мәнерімен, талантымен танылған келіндер жүлдегерлер санатына ілікті.
Сонымен… Қорытынды есепті қазылар алқасы шығарды. Нәтижесіндеүшінші орынды жезділік Лиза Нұрділла иеленді. Оған 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Екінші орынды мемлекеттік бағдарлама арқылы оңтүстіктен Ұлытауға көшіп келген Күләндә Ботабек иеленіп, ол 150 мың теңгенің сертификатын алды. Бірінші орынға тігілген 200 мың теңгенің сертификаты Мибұлақ ауылынан келген Жанар Сайдалинаға бұйырды. Бас жүлдені қаракеңгірлік Жансая Қожабай жеңіп алды. Жеңімпазға 250 мың теңгенің сертификаты берілді.
Байқауда сымбаттылығымен, өнерімен, инабаттылығымен көзге түскен келіндерге түрлі деңгейдегі номинациялар табысталды. Атап айтқанда, «Өнерлі келін» аталымына – борсеңгірлік Лаура Рахметова, «Инабатты келін» аталымына – Ақтас кентінен келген Меруерт Жанабаева, «Үлгілі келін» аталымына – байқоңырлық Саягүл Берікқызы, «Іскер келін» аталымына егінділік Келбет Жаңбырбай, «Сымбатты келін» аталымына – Алғабас ауылынан келген Зулфия Төрегелдиева иеленді.
Жалпы, байқау жақсы өтті. Келіндер сайысының өз мәнінде өтуіне мәдениет үйінің қызметкерлері көп еңбек сіңірді. Ұйымдастыру жағы жоғары деңгейде болды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
