«Отырар» көрмесі – Ұлытауда

Күні кеше «Ұлытау» сапар орталығында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей – қорығының «Отырар мұрасы: мәдениет, ғылым және руханият» атты көрмесі өтті.

Көрмеде отырарлықтар құнды жәдігерлерімен, сондай-ақ, фотосуреттер арқылы Отырардың тағылымды тарихымен тереңдете таныстырып, тәмам жұртты тамсандырды. Осы орайда, көрменің басты мақсаты – Отырар өңірінің тарихы мен мәдениетін тереңірек зерделеу, тарихи тұлғалардың тағылымды мұрасымен танысу, халықтың мәдени таным деңгейін көтеру сол арқылы қоғамның рухани дамуына дәнекерлік ету болғанын айрықша атап өткен жөн.
Болмысы бөлек, бітімі дара шараның ашылу салтанатына Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакипов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Баймағанбетов, «Ұлытау» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Қайрат Кенжекұлы, Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен балқыту ісі тарихы музейінің директоры Айболат Рахмания, аудандық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Нұрсұлу Раймова және ардагерлер, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Көрме аясында өткен дөңгелек үстелде аудан әкімінің орынбасары Алмат Қайратұлы Отырардың тарихы мен мәдениетін түп-тамырынан тарта танып-білу, аса маңызды шарттылық қапысыз қажеттілік екенін атап өтті. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей – қорығы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Шоқай Ералы Төлендіұлы Отырардың көне дәуірлерінің қатпарынан сыр шертетін тарихи-мәдени мұраларын, олардың адамзат үшін аса зор маңызға ие мағыналық сипаттамасын кеңінен әңгімеледі. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық – музейінің директоры Ғалым Оспанов ұлт ұясы – Ұлытау жайында көлемді әңгіме өрбітіп, өңір тарихынан тартымды сыр шертті.

Еңбек ардагері Серік Баймағанбетов ой саларлықтай мазмұнды әңгіме айтып, Отырар музейінің қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. Әдемі тілектерді әсерлі әдіптеген жиынға қатысушылар бұдан кейін көрмені тамашалауға ойысты. Көрменің лентасы қиылып, содан соң жұртшылық көрме жұмысымен танысты.
Көрмеге экскурсиялық жұмысты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей – қорығының бас қор сақтаушысы Нұрсұлтан Абайұлы жүргізді. Ол ұлылар Отаны – Отырардың тарихи-мәдени мұраларын кең тұрғыда насихаттады. Ең бастысы, көрмені тамашалаушылар біршама жайытқа қанықты, тиісінше, қызығушылық танытты. Көрме мазмұндық сипатының мағыналы болуымен ел ықыласына бөленді. Көрменің негізгі ерекшелігі – Отырардың әр дәуірден сыр шертетін жәдігерлерін ұтымды көрсете білуімен және барлық жәдігерлердің түпнұсқада ұсынылуы – көрменің мәнін ашып тұрды. Көрмеге ортағасырдағы еңбек құралдары, бірегей монеталар, құбба, археологиялық қазба жұмыстарынан табылған қыш құмыралар, шыны ыдыстар, әр түрлі бұйымдар қойылды.

Бір таңқаларлығы музейдің экспозициялық тақырыптық жүйесі сонау ортағасыр дәуірлерінен мағлұмат беретін тарихын хронологиялық жүйемен көрсете білуінде жатыр. Әсіресе, қыштан жасалған тұрбалар, Әл Фараби аспаптары қазірде ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Бұл экспонаттардың географиясы әр алуан әрі жеке-жеке тарих десек артық айтқандық емес. Сонымен қатар, Отырардың слайд арқылы көрсетілген көрсетілімдері тәмам жұртты тартымдылығымен тамсантты.
Мазмұнды шара аясында аудан әкімінің орынбасары Алмат Қайратұлы Отырар археологиялық музей – қорығы директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары Ералы Төлендіұлына «Ұлытау-елдік мектебі» кітабын табыс етті. «Ұлытау» ұлттық қорық – музейінің директоры Ғалым Оспанов буклеттер мен фотоальбомдарды табыстады. Өз кезегінде Ералы Төлендіұлы «Ұлытау» музейіне заманауи үлгіде жаңартылған көне жәдігер қыш құмыраны сыйға тартты.
Қысқасы, Отырар көрмесі арқылы ұлт бесігі – Ұлытаудың да туризм саласындағы мүмкіндігі мен әлеуеті барынша кең тұрғыда паш етілді деуге толық негіз бар. Осы орайда, ауқымы мейлінше кең көрменің түпкі мақсаты құнды жәдігерлер арқылы өз өңіріндегі туризм индустриясының болашағын таныстыруға мүмкіндік туғызу екендігін айта кеткенде жөн. «Ұлытау» ұлттық қорық – музейінің ұжымы отырарлықтарға көрме жұмысының өту барысына оған қатысушылардың еркін әрі тиімді әрекет етуіне мол мүмкіндік тудырған сыңайлы.
Нақты айтқанда, көрмені таныстыру мақсатындағы іскерлік кездесулер мен ақпарат алмасу секілді шаралар Ұлытау мен Отырар музей қызметкерлері арасында орнықты атқарылды. Отырардың тарихи тағылымды жерлері мен мәдени нысандарының құндылығы хақында тереңірек әңгіме қозғалды. Іс-шара соңында ауыл ақсақалдары отырарлықтардың мазмұнды істеріне шынайы ризашылықтарын білдіріп, елдің мәртебесін арттыра түсу бағытындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.