Ананың қуанғаны – әлемнің құлпырғаны

Аналардың шуақты мерекесі қарсаңында дәстүрлі түрде өткізілетін аудан әкімінің нәзікжандыларды қабылдау шарасы биылғы жылы да жарасымды жалғасын тапты. Талапқа сай безендірілуі көңілді көркейткен ғимаратта Аманжол МЫРЗАБЕКОВ кенттер мен ауылдық округтерден арнайы шақырылған ардагер аналар мен әр салада еселі еңбек етіп жүрген, өңірдің дамуына қосқан үлесі қомақты қыз-келіншектерді салтанатты жағдайда қабылдады. Қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ қатысты.

Жанды жадыратқан шырайлы шара барысында Аманжол Батырбекұлы әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. Ақжарыла құттықтаудан кейін арнайы тапсырыспен әзірленген әдемі гүл шоқтары мен сый-сияпаттар ұсынды.

Өз кезегінде аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов ыстық лебізін білдіріп, аналар мен арулардың жалпы қоғамдағы аса маңызды рөлін атап өтті.

Жиналғандар атынан сөз алған, бүгінде бала өсіріп немере сүйіп отырған, ардагер ұстаз Клара Дәуренбекова аудан басшылығына шынайы пейілмен көрсеткен құрметтері үшін әйелдер қауымының атынан ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Мерейлері өскен шара меймандары – еңбек ардагерлері Несібелі Домаева мен Тұрсынкүл Мүсілімбекова әннен шашу шашып, мерекелік қабылдауды одан әрі шырайлы ете түсті.

Ананың шаттанғаны – бар дүниенің құлпырғаны. Қабылдау барысында осы тұжырымның ақиқат екендігі тағы бір мәрте айқындалды.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.