Алғыс айту – асыл қасиет
1 наурыз – елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылық білдіреді. Шуақты көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.
2016 жылдың 14 қаңтарында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні, яғни 1 наурыз Алғыс айту күні етіп жарияланды. Міне, сол күннен бастап жыл сайын мереке ретінде өткізіліп келеді.
Бүгінде бұл мереке өзінің ауқымын кеңейтті. Енді əрбір қазақстандықтар бір-біріне, жақындарына, ата-аналары мен ұстаздарына, барша адамзат баласына жақсы амалдары, игі істері үшін алғыс айтатын болды. Осы орайда, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің бір хадистерінде: «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды», «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ» десе, енді бір хадисінде: «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нəрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер» – деп сахабалары мен үмметін сыйға сый жасауға шақырған екен. «Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас» деген дана қазақ. Мұнда алғыс алудың бақыт пен жақсылықтың бастауы екендігін ұрпақ санасына сіңірген. Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, өзара алғыс айту – адамдар арасындағы сенімді, сыйластықты арттыратын құрал. Адамның жан дүниесін тазартатын, жүрегін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты іс. Əсіресе бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына, бауырмалдыққа жетелейді. Сондықтан айналамызға алғыспен қарау, басымызға келетін көптеген қарғыстан құтылудың жолы екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Алғыс айту – асыл қасиет.
Ізбасар ОЙБАС.