Ұлытау облысында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара өтті
Ұлытау облысында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Дастан Рыспеков қатысып, өңір тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Өз сөзінде аймақ басшысы бірлік пен татулықтың қоғамдағы айрықша маңызын атап өтті.
– Ынтымақ пен татулық – біздің ең басты құндылығымыз. Қасиетті Ұлытау жері қашанда елдіктің, тұтастықтың алтын бесігі саналған. Бабаларымыз осы киелі мекенде бас қосып, ұлт тағдырын шешкенін тарихтан жақсы білеміз. Ұлытау – тек географиялық нүкте емес, Қазақстан халқының бірлігін, ұлттық коды мен мемлекеттік тұтастығын сақтаушы рухани аймақ. Берекелі тірліктің негізі – өзара сыйластық. Бүгінде облысымызда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде, – деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.

Мерекелік іс-шара барысында жиналған көпшілікке түрлі этнос өкілдерінің мәдени көрмелері ұсынылып, ұлттық дәстүрлер мен салт-сананы дәріптейтін бағдарламалар көрсетілді.



Іс-шара достық пен өзара құрметтің, қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің жарқын үлгісіне айналды.