Қаржылық сауаттылық – заман талабы

Елімізде қаржылық сауаттылық күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінде «АМАNAT» партиясы халықпен тиімді кері байланыс орнатып, әрбір азаматтың мәселесін дер кезінде шешуге назар аударып отыр. Осыған орай, әр аймақтарда халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, шамадан тыс несие жүктемесінің алдын алу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Жақында ғана аудандық мәслихаттың мәжіліс залында «АМАNAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының ауыл әйелдерін дамыту және қаржылық сауаттылықты арттыру бағыты бойынша ұйымдастырушысы, Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты Эльмира Ершұманова «Қаржылық сауаттылық – табысты болашақтың кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған аудандағы әйелдер қанатының мүшелері, көпбалалы аналар мен жас кәсіпкерлер қатысты.
Үстел басында жиынға қатысушылар қаржылық сауаттылық туралы кеңінен әңгіме қозғап, ақша үнемдеу, инвестициялау және қарыздан аулақ болу принциптерін түсіндірді. Бұл отырыста қаржы негіздері бойынша жеке бюджет жүргізу, нарықтағы өзгерістерді түсіндіру, қарапайым инвестициялық шешімдер жасаудың жолдары қамтылды. Осы мақсатта әр саланың білікті мамандары көңіл төріндегі ойларын ортаға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Әуелі жас кәсіпкер, математика пәні мұғалімі Маржан Бөрібай «Қаржылық сауаттылық – әйелдің еркіндігі» тақырыбында баяндама жасады. Бұдан кейін «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының Ұлытау облыстық филиалының №4 дербес сервис орталығы басшысы Алтынай Әбдірахманова – банк өнімдері мен қызметтерін тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді.
Көңілге аса қонымды болған іс-шарада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ұлытау аудандық филиалының менеджер-кеңесшісі Меруерт Бимағанбетова – шағын және орта бизнесті қолдау тетіктері туралы ақпарат берді. Ұлытау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы жанындағы еңбек мобильділігі орталығының маманы Гүлназия Құрманбаева – еңбек мобильділігі арқылы жаңа мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды.
Кездесу барысында қаржылық сауаттылық туралы сөз қозғалып, отбасы бюджетін тиімді пайдалану жақтары кеңінен түсіндірілді. Қаржылық сауаттылық – тұрақты болашақтың негізі екені айтылды. Әсіресе, несиеге дұрыс көзқарас қалыптастыру және қаржылық тәуелсіздікке жету жолдары егжей-тегжейлі талқыланды. Әрқайсысы күнделікті өмірде қолданып жүрген өз істеріндегі тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жалпы айтқанда, бұл басқосу қаржылық мәдениетті қалыптастыруға ой саларлықтай мәнді іс-шара болды. Жиында әркім өз ұсынысын, өз пікірін еркін білдіріп, ашық форматта сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылды.
– Бүгінгі басқосуда қаржылық сауаттылықты арттыруға маңызды қадам жасалды. Өйткені, табыс пен шығынды дұрыс жоспарлау – бүгінгі күннің басты талабы. Қаржыны дұрыс басқара алған адам келешегіне сеніммен қарай алады. Бұл – күн тәртібінде тұрған үлкен мәселе. Сондықтан, алдағы күндері де жоғарыда аталған тақырып аясында іс-шаралар легі жалғаса береді, – деді депутат Эльмира Ершұманова.

Өз тілшімізден.