Ұлытау облысында Open Air Senbilik фестивалі өтті

Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жергілікті атқарушы органға қарасты мекемелер қызметкерлерінің қатысуымен фестиваль форматында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шараға 300 адам жұмылдырылып, 6 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 5 гектар аумақ тазаланып, 77 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.

Сенбілік тазалық жұмыстарымен шектелмей, тұрғындарына арналған ерекше фестивальді бағдарламаға ұласты.

Атап айтқанда, қатысушылар үшін таңғы жаттығу, кір тасын көтеру, жанды дауыстағы әндер, пицца, сусындар, ең үздік учаске байқауы ұйымдастырылды.

Сенбілік барысында ерекше белсенділік танытқан мемлекеттік мекемелер анықталып, оларға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.

Атап өткен жөн, тазалық іс-шарасына кей қызметкерлер, тұрғындар балаларымен қатысты. Сенбілікке қала кәсіпкерлері де қолдау көрсетіп, қатысушыларға тәтті сусындар таратты.