Жеңіс туын желбіреткен жан еді
1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1941 жылдан бастап 1945 жылға дейін фашистік басқыншыларға қарсы соғысқан Қасымхан Байқоңырұлының рухына тағзым еткенді жөн көрдік. Оның шайқастағы ерлігі мен қаһармандығы КСРО-ның жауды жеңуіне ықпал етті. Қашанда ержүрек және қайратты адамдар өздерінің қайсар мінездерімен танымал болады.

Қасымхан Байқоңырұлы 1919 жылы Ұлытау ауданына қарайтын «Үлкен-Бұлақ» ауылында дүниеге келген. 1934 жылы жетінші сыныпты бітіріп, Қарсақбай зауытына жұмысқа орналасады. Армия қатарына шақырылғанға дейін Қарсақбай кентінде тұрған.
1939 жылы 12 ақпанда әскери қызметке шақырылып, 1940 жылы 17 ақпанда Владимир қаласына жақын орналасқан 444-артиллериялық полк құрамында әскери ант қабылдайды. Соғыс басталғанда әскери борышын өтеп жатқан болатын.
Қасымхан ата 1941 жылдың қарашасынан 1945 жылдың мамырына дейін корпустың 361 артиллериялық полкінің құрамында Ұлы Отан соғысына қатысады. Ол зеңбірек командирі болып бастады, кейін отряд командирі болды. 1942 жылдың 6 тамызынан бастап подполковник П.М. Лазарев басқарған 4-ші жеке атқыштар қатарында болды. 1943 жылы Коммунистік партия қатарына қабылданды.
Әскери қимылдардағы ерекшелігі, ерлігі мен қаһармандығы үшін Қасымхан Байқоңыров I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше орден, медальдармен марапатталған.
1946 жылдың қысында Қасымхан соғыстан елге оралды. 1947 жылы Қарағанды қаласының педагогикалық училищесін бітірді. Кейін Жезқазған қаласында ұстаздық қызмет атқарды.
Қасымхан бойшаң, қарулы кісі болған. Ол Ұлытаудан солтүстікке қарай шамамен 20–30 шақырым жерде Үлкен-Бұлақта мекендеп, осы өңірде егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан. Әкесі Байқоңыр ағайын-туыстарының тұрмыс-тіршілігіне қарасқан. Байқоңыр ауылы ұйымшыл Төртқарадан шыққан ағайындардың мекені болған.
Арғы деректерге сүйенсек, бұл әулеттің тамыры Матайдан тарайтын Жарылқамыс батырға барып тіреледі. Ел жадында сақталған шежіре бойынша Жарылқамыс батырдың төрт ұлы болған. Солардан тараған ұрпақ кейін Төртқара атанып, тұтас бір рудың айбынын танытқан.
Олар: Тоқпан, Сүйін батыр, Жәнібек батыр және Бөлек батыр.
Сүйін батырдан Қаракөз, Қаракөзден Апыр батыр тарайды. Апыр батырдан тараған әулет желісі Тәни – Балқыбай – Қалмұрза – Мырзакелді – Сары болып жалғасады.
Сарыдан екі тармақ тараған: Ыбырай мен Байқоңыр. Осы әулеттің жалғасы Байқоңырдан өрбіп, оның ұлы Қасымхан (19 наурыз 1919 жыл – 17 тамыз 1983 жыл) өз дәуірінің тағдырлы кезеңдерін бастан өткерген, ел есінде қалған азамат болды.
Қасымханның өмірлік серігі – Тұрғын анамыз. Олардың шаңырағынан Хамитбек, Төлеубек, Мәрия, Жұмабек, Сәрсенбек дүниеге келген.
Осылайша, батыр бабалардан бастау алған текті әулеттің шежіресі ғасырлар бойы жалғасып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Бұл тек атаулар тізбегі емес, әр буынның тағдыры мен еңбегінің куәсі.
Байқоңырдың зайыбы Гүлсім 1919 жылы небәрі 21 жасында Үлкен-Бұлақта дүниеден өткен. Сол кезде Қасымхан бір жасқа да толмаған сәби еді. Ана мейірімін сезінбей өсіп, ер жетті.
1920 жылы әкесі Байқоңыр Разия әжемізбен шаңырақ көтерді. Разия әжеміз Әшім, Әлихан, Лафруза, Совет, Тиыштал, Әбіл, Жұмаділдә, Жақсымбет есімді ұл-қыздарды дүниеге әкелген.
1939 жылы 1 ақпанда Қасымхан Байқоңыров Қызыл Армия қатарына шақырылып, Қазан әскери транзиттік пунктіне жіберілді. Кейін Владимир қаласындағы дивизия позициясына жеткізілді.
1942 жылы сержант Байқоңыров Қазан қаласынан 4-ші бөлек атқыштар бригадасына жіберілді. Бұл бригада 16-армия құрамында Сухиничи маңында, Жиздра өзенінде ауыр қорғаныс шайқастарын жүргізді.
14–31 тамыз аралығында бригада жаудың 27 танкісін және 5 мыңға жуық жауынгерін жойды. Ерлігі үшін Қасымхан Байқоңыров марапаттарға ие болды.
Ұзақ шайқастардан кейін жау астанадан 100–250 шақырымға ығыстырылды. Қызыл Армия көптеген елді мекендерді, соның ішінде Калуга мен Калинин қалаларын азат етті.
1941–1943 жылдары армия құрамында болған бөлімдер Мәскеу бағытында қорғаныс және шабуыл операцияларын жүргізді. 1943 жылы бұл құрам 11-гвардиялық армияға айналды.
Соғыс аяқталғаннан кейін Қасымхан 1946 жылы қаңтарда елге оралды. Бұл сәт отбасы үшін үлкен қуаныш пен сағыныштың тоғысқан кезеңі болды.
Қасымхан ата ұзақ жыл ел ішінде өмір сүріп, 1983 жылдың 17 тамызында 64 жасында дүниеден өтті.
9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Қасымхан Байқоңырұлы сынды майдангерлердің ерлігіне тағзым ету – кейінгі ұрпақтың парызы. Оның майдандағы батырлығы мен бейбіт өмірдегі ұстаздық еңбегі жас ұрпаққа үлгі.
Осындай азаматтардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталып, уақыт өткен сайын қадірі арта бермек.
Ерғали ҚАСЫМБЕКОВ.
СУРЕТТЕ: Қасымхан отбасымен.