Ақжелеңділер – құрмет құшағында

Тәнге – қуат, дертке – дәру сыйлаған медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесін өңір жұртшылығы аудандық мәдениет үйінде атап өтті. Салтанатты жиында жүрекжарды лебіздер легі аталған мамандық иелеріне арналды.

Жиынға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков арнайы қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы ұлт денсаулығын сақтау жолында аянбай тер төгіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегін айрықша атап өтті.
– Дәрігер мамандығы ең асыл және қадірлі мамандықтардың бірі. Медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен тәжірибесі адамдарға ең құнды дүние – денсаулық пен өмірді сыйлайды. Бұл мереке – біз үшін ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, алғыс айтатын күн.
Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында аудандағы денсаулық сақтау саласы күннен-күнге жақсарып келеді. Біз, сіздердің қандай жағдай болмасын адамдардың денсаулығын сақтап қалу жолындағы еңбектеріңіз бен жасап жатқан жұмыстарыңызды құрметтейміз, — деді әкім.
Бұдан кейін сала мамандарының төгілген тері, өлшеусіз еңбегі еленіп, құрмет төрінен көрінді. Сонымен, Ұлытау ауданының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін аудандық аурухананың травматолог дәрігері Ринат Қыдырмолдин мен аталған аурухананың медбикесі Гүлнар Бақаева – Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудан әкімінің Алғыс хатына – аудандық аурухананың медбикесі Зинаш Мұханбетова мен Қаракеңгір отбасылық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Гүлжан Омарова иеленді.
Марапаттау рәсімі тағы жалғасты. Үздіктерге әр номинация бойынша тағайындалған аудан әкімінің сыйлықтары табысталды.
«Үздік дәрігер» аталымына – аудандық аурухананың балалар дәрігері Роза Төлегенова, «Үздік мейірбике» аталымына – Қарсақбай отбасылық дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Набира Жанышева, «Үздік учаскелік мейірбике» аталымына – «Ұлытау» отбасылық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Фарида Амантаева, «Үздік физиотерапия мейірбикесі» аталымына – Жезді ауруханасының медбикесі Гүлжазира Зейлғазина, «Үздік мектеп мейірбикесі» аталымына Мибұлақ мектебінің мейірбикесі Гүлбану Жандәулетова, «Үздік қызметкер» аталымына – аудандық аурухананың қызметкері Роза Нұғыманова, «Үздік жүргізуші» аталымына – Алмаз Шамбұлов, «Үздік кіші медицина қызметкері» аталымына – Жезді ауруханасының қызметкері Алуа Ахметова иеленді. Осы есімдері аталған медицина қызметкерлеріне 50 мың теңгенің сертификаты сыйға тартылды. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан 25 ардагерге Алғыс хаттар тапсырылып, сый-құрмет көрсетілді. Медицина күнімен әріптестерін ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Шапағат» медалінің иегері, Қарсақбай отбасылық амбулаториясының дәрігері Ұлмекен Қожасова құттықтады.
Шара барысында сала мамандары медицина саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бүгін өмірде жоқ әріптестерін бейнекөрсетілім арқылы еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.
Мереке иелерін сондай-ақ, аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Мирлан Омаров та құттықтады. Ол өз кезегінде еселі еңбегімен ерекшеленген бірқатар медицина қызметкерлерін марапаттады.
Бұл жолы да бір топ сала мамандары марапат тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, Алғабас фельдшерлік-акушерлік пунктінің акушеркасы Сәуле Мырзашова, аудандық аурухананың учаскелік медбикесі Мақпал Рүстемова, Шеңбер фельдшерлік-акушерлік пунктінің кіші медицина қызметкері Таңшолпан Ибраева, Жетіқоңыр дәрігерлік амбулаториясының учаскелік медбикесі Әйгерім Отарбаева, Сарысу отбасылық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Арайлым Қабдыхалықова – Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Адам денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі және жоғары кәсібилігі үшін сала мамандарының бірқатары Ұлытау аудандық аурухана бірлестігінің Алғыс хатына ие болды. Марапатталғандардың қатарында «Терісаққан» фельдшерлік-акушерлік пунктінің кіші медицина қызметкері Бақыткүл Алпысбекова, «Борсеңгір» фельдшерлік-акушерлік пунктінің кіші медицина қызметкері Гүлнар Сарыбаева, «Жезді» отбасылық дәрігерлік амбулаториясының кіші медицина қызметкері Дина Нарықбаева, «Қарақұм» фельдшерлік-акушерлік пунктінің кіші медицина қызметкері Гүлсара Есімова бар.
Салтанатты шара жалғасы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.