Әкімдерді бұқара өзі таңдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырма берген болатын. Соған орай, сайлаудың құқықтық негізі болатын заңнама бекітілді. Бұл реформа – елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға бағытталған тағы бір оң қадам. Саяси науқан қалай өтті? Тұрғындар не дейді? Саяси жүйедегі маңызды бетбұрыстың аяқ алысын бағамдап көрген едік…

Ауыл әкіміне қоятын талап та, артылатын міндет те көп. «ҚР сайлау туралы» Заңында атап көрсетілгендей, жасы 25-тен асқан, жоғары білімді және кемі бір жыл мемлекеттік қызмет атқарған немесе мемлекеттік органға жатпайтын ұйымда кемі екі жыл жетекші болып істеген азамат ауыл әкіміне үміткерлер қатарында бола алады. Заңға сәйкес, үміткерлерді ұсынудың баламалы жолдары қарастырылды. Біріншісі, саяси партиялар ұсынады. Екіншіден, дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызынан қол жинау арқылы өзін-өзі ұсыну. Үшіншісі, ұсыныс беру аяқталатын күні екіден кем кандидат болған жағдайда, аудан әкімінің ұсыныс беру құқығының болуы.

Бізді ауыл тұрғындарының белсенділігі қуантты. Жаңа басшымен келетін жаңа леп ауылды дамытуға негіз қалап, келбетін көркейтіп жатса игі.

Ауыл әкімдерінің бұқара өз таңдау жасайтын тұңғыш сайлауы Аманкелді, Шеңбер, Алғабас, Сарысу, Қоскөл, Байқоңыр ауылдық және Ақтас кенті округінде өтті. Барлығы 24 үміткер тіркелді. Олардың 7 – саяси партиялардан: «Nur Otan» партиясынан – 6 кандидат, «Ақжол» партиясынан – 1 кандидат. Ал, қалған 17 кандидат – өзін-өзі ұсынушылар.

Саяси шара 13 сайлау учаскесінде ұйымдастырылды. Есептегі 2046 мың сайлаушының 1 741-і дауыс берді (85,09 пайыз).

 Сайлауда Шеңбер, Сарысу, Байқоңыр және Аманкелді ауылдарының тұрғындары айрықша белсенділік танытты. Аманкелді ауылындағы №701 сайлау учаскесінде 18 жастағы бойжеткен Аружан Сұрағановаға ең жас сайлаушы ретінде сыйлық берілді. Ал, Сарысу ауылындағы №719 сайлау учаскесінде алғашқылардың қатарында жас отбасы – Берік Жақан мен Ақниет Ошақова дауыс берді. Ақтас кентінде 101 жасқа келген Күлзағира Қолғанатова да сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.

Осы орайда сайлау барысында заңнама талаптары мен карантиндік шектеу шаралары мұқият сақталғанын айта кету керек.

Біз сайлаушылардың саяси науқанға қатысты ой-пікірлерін зерделеуге талпыныс жасап көрген едік…

Рыскүл БАХИЕВА, ардагер ұстаз, Алғабас ауылының тұрғыны:

– Мемлекет басшысы бастамасының сәтімен жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз. Ауыл тұрғындарының өз әкімдерін өздері таңдауға мүмкіндік берілгені – үлкен жетістік. Алғабаста әкім қызметіне бес үміткер болды. Бәрінің де сайлауалды бағдарламасы көңілден шықты. Бір қуантары – олардың қатарында жастардың қатары көп болғаны. Менің ойымша, әділетті сайлау өтті. Жаңадан сайланған ауыл әкімі ауылды көркейтуге үлес деген сенімдемін.

Тағанбай ЖАЛМУРЗИН, №17 Байқоңыр орта мектебінің мұғалімі:

– Елімізде алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерінің сайлауы барлығымыз үшін үлкен сынақ болғаны анық. Себебі, оларды жергілікті халық өздері таңдады. Бұл саяси бастаманы халық пен мемлекеттің жауапкершілікті бөлісуі деп түсіну керек. Ауыл әкімін тікелей сайлау – жастар үшін де, қарт кісілер үшін де маңызды. Өйткені, жергілікті халықтың өз басшысына сенім артуы – жұмыстың жүйелі жүруінің кепілі.

Жақсыгүл СЕЙІТОВА, Ақтас кентінің тұрғыны:

– Бұл – өте дұрыс сайлау. Бұдан күтілетін нәтиже – ауыл өмірінің саяси науқанға дейінгі және кейінгі, яғни, салыстырмалы түрде өзгерген келбеті. Халық өзі сайлаған әкімге талап қоя алады, демек, жауапкершілік анағұрлым арта түседі. Бұл – саяси бастама, әділдікті қамтамасыз ететін қадам. Осы ерекшелік мені айрықша қуантты.

 Ауданда өткізілген сайлау қорытындысымен сайланған ауыл әкімдерінің 6 – мемлекеттік қызметкер. Бұған дейін де әкім қызметін атқарып келген 4 кандидат қайтадан сайланды.

 Сайлауда жеңіске жеткендердің орташа жасы – 40-45 жас шамасында. Ең кіші жастағысы 31- де болса, ең үлкені – 59 жаста.

Жасұлан АЯШЕВ