Бас мүфти кәсіпкерлерді Құрбан айтта мал бағасын көтермеуге шақырды

Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт мерекесі қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасап, мал құнын қолдан көтермеуді ұсынды.

«Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін», – деді ол.

Сондай-ақ ол қазақстандықтарды ұлттық киім киіп, айт мерекесін ұлттық дәстүрге сай атап өтуге шақырды.

Биыл Құрбан айттың алғашқы күні 27 мамырға сәйкес келеді.