Қорғасында – «Қымызмұрындық» мейрамы
Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы – «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ахат Құрмансейітов пен аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек Шеңбер ауылдық округінің орталығы Қорғасын ауылында өткен «Шіркін, Шеңберімнің қымызын-ай!» атты «Қымызмұрындық» мейрамына қатысып, ұлт мұрасын ұлықтаған тұрғындар мен меймандардың қуанышын бөлісті.

Тағылымы терең, тартымдылығы жоғары іс-шара барысында «Қымыз жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, жергілікті қымыз баптаушылар қонақтар мен ауыл тұрғындарына өз өнімдерін шынайы пейілмен ұсынды. Олар осынау әрекеттері арқылы меймандостықтың ежелден қалыптасқан айшықты үлгісін тағы бір мәрте айғақтағанын айрықша атап өткен жөн.
Қымыз тойына ауылда өсіп-жетіліп, кейін қалаға қоныс аударған ағайынның да көптеп келгені аңғарылды. Олардың қатарында Қорғасынның тумалары – есімі дүйім қазақ еліне етене таныс тұлға «Дәридай» ақын Мұқаш Сейтқазинов пен Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі Бауыржан Абылаев та бой көрсетті.
Тәмам жұртты тамсантқан шара барысында ұлттық ойындар – тай жарысы, қазақ күресі, қол күресі, арқан тартыс, желке тартыс және қымыз ішу сайысы өткізілді.
Жеңімаздар мен жүлдегерлерге ауылдың белсенді жастарының демеушілігі негізінде алынған бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, халыққа өз өнімдерін ықыласпен ұсынған қымыз баптаушылар Ұлытау аудандық мәдениет үйі тарапынан ұсынылған сый-сияпаттардың иегері атанды.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.
ҚОРҒАСЫН ауылы.
