Ата кәсіппен ауыл экономикасын көтеру
Қоскөлдегі «Еділбай-Қоскөл» кооперативінің тәжірибесі «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауылдағы кәсіпті қалай жандандырып жатқанын көрсетеді. Ауыл шаруашылығында үлкен өзгеріс кейде үлкен жобадан емес, бірнеше адамның тәуекелге барып бастаған шағын кәсібінен басталады. Қоскөл ауылдық округіндегі «Еділбай-Қоскөл» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің бүгінгі тынысы – соның бір дәлелі.

2025 жылы құрылған кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 28 млн теңге көлемінде несие алып, қой шаруашылығын дамытуға ден қойған. Былтыр қысқа 180 бас аналықпен кірген шаруашылық бүгінде төлін қосқанда 340 бастан асып отыр. Бұл – жай ғана мал басының өсуі емес. Мұнда жеңілдетілген қаржы, ауыл тұрғынының бастамасы, ата кәсіпке деген тәжірибе және кооперация секілді бірнеше фактор тоғысып жатыр. Ең бастысы, мемлекеттік қолдау нақты өндіріске бағытталып, оның нәтижесі ауылдағы экономикалық белсенділіктен көріне бастаған.
28 миллион теңге және 180 бастың берекесі
«Еділбай-Қоскөл» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2025 жылы ұсақ малды бордақылау және өсіру мақсатында құрылған. Кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 28 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Қаржыға Еділбай тұқымының 36 айға дейінгі асыл тұқымды қошқарының 10 басы, 180 бас тауарлық аналық мал және 62 бас тауарлық қошқар сатып алынған. Шаруашылықтың бүгінгі көрсеткіші бастапқы жоспардың нәтижесіз болмағанын аңғартады. 180 бас аналықпен қысқа кірген мал төл алу науқанынан кейін 340-тан асып отыр. Бұл жерде мал басының табиғи өсімін ғана емес, шаруашылықты жүргізу тәсілін де бағалау маңызды. Өйткені мал санын көбейту үшін оны аман сақтау, азықтандыру, төлдету, күтіп-баптау және тұқым сапасын жақсарту секілді жұмыстардың бәрі қатар жүреді. Кооператив мүшесі Рауан Сапардың айтуынша, бұл іске келуге ауыл әкімінің насихаты да себеп болған. – Негізі біз «Ауыл аманаты» бағдарламасына ауыл әкімі Нұрлан Жүгінісовтың насихатынан кейін келдік. Сол бағытта жұмыс жасадық. 2025 жылы қауымдастық құрып 28 млн теңге алдық. Асыл тұқымды мал алу үшін. Қазір қой сұранысқа ие. Сату жағынан проблема жоқ. Рас, бағу қиын, есесіне өсім де өтім де жақсы болып тұр. Алдағы уақытта бордақылау алаңдарын ашу жоспарда бар. Еділбай қойының аналығын 5 мың басқа жеткізу, 3 мың бастық бордақылау алаңын ашу – екі, үш жылдың көлемінде орындаймыз деп алға қойған мақсатымыз. Ауылдарды көтеруге ықпалы тиіп отырған ауыл аманаты бағдарламасына алғысымыз шексіз. Жеңілдікпен несие беріп, ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді ол. Бұл жерде бағдарламаның тиімділігі ең алдымен қаржының қайда жұмсалғанынан көрінеді. Несие тұтынушылық мақсатқа емес, табыс әкелетін активке – мал басына бағытталған. Оның үстіне алынған малдың ішінде асыл тұқымды қошқарлардың болуы шаруашылықтың сандық өсіммен қатар сапалық бағытты да көздейтінін көрсетеді. Ауыл шаруашылығындағы кез келген қаржының қайтарымы бірден байқалмайды. Мал шаруашылығы – айналымы уақытты қажет ететін сала. Мал сатып алынады, өсіріледі, көбейеді, салмақ жинайды, содан кейін ғана өнім ретінде нарыққа шығады. Сондықтан бұл саладағы жеңілдетілген несие кәсіпкерге тек ақша емес, уақыт ұтып береді. Жоғары пайызды коммерциялық несие жағдайында шаруаның алғашқы табысы қарыздың пайызын өтеуге кетуі мүмкін. Ал жеңілдетілген қаржыландыру өндірісті аяғынан тұрғызуға мүмкіндік береді. Қоскөлдегі тәжірибе мұның нақты мысалын көрсетіп отыр. 180 бас аналық малмен басталған жұмыс бүгінде 340-тан асып, алдағы уақытта мыңдаған басқа жеткізу жоспарына ұласқан. Рауан Сапар бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланудың маңызын ауылдастарына да айтып жүргенін жеткізеді. – Қазір жасалып жатқан мына мүмкіндіктерді жіберуге болмайды. Соны пайдаланып, қораны малға, қойға толтыру керек. Мен осына үнемі ауылдастарыма айтып жүремін, – дейді кооператив мүшесі. Бұл пікірдің астарында ауыл экономикасының маңызды бір заңдылығы жатыр. Мемлекеттік қолдау мүмкіндік береді, бірақ оны нақты өндіріске айналдыратын – адамның еңбекке деген ынтасы мен кәсіп жүргізу қабілеті.
Еділбайдың ерекшелігі – төзімділігінде
Ұлытау өңірінде қой шаруашылығын дамытуға табиғи мүмкіндік бар. Кең жайылым, төрт түлік өсіруге қолайлы орта және халықтың мал шаруашылығына бейімділігі – осы саланың бәсекелік артықшылықтарының бірі. Қоскөлдегі шаруалар Еділбай қойына ерекше мән беріп отыр. Оның себебі түсінікті. Бұл тұқым ірілігімен, төзімділігімен, тебінге шыдамдылығымен ерекшеленеді. Кең дала жағдайында, табиғи жайылымға негізделген шаруашылық үшін мұндай қасиеттер маңызды. Бірақ тұқымның жақсы болуының өзі жеткіліксіз. Малдың өнімділігі ең алдымен күтімге, азыққа, селекциялық жұмысқа және шаруаның тәжірибесіне байланысты. – Еділбай қойы ірі, қысқа төзімді, тебінге шыдамды. Жалпы, қой малы өсімтал, өтімді мал. Оны өсіру керек. Ол үшін тынбай еңбек ету керек. Біз қысы-жазы осы малдың жанындамыз. Қарап, бағып отырамыз. Негізі малды сата білмесең бағып керегі жоқ. Ал сату үшін күйін, тұқымын жақсартуың керек. Бордағылау алаңын ашуың керек, – дейді кәсіпкер жігіт. Шаруаның бұл сөзі қой шаруашылығындағы ең маңызды мәселелердің біріне назар аударады. Мал басының көп болуы мен шаруашылықтың табысты болуы – бір ұғым емес. Шаруашылықтың экономикалық тиімділігі малдың қанша екенімен ғана емес, оның қанша өнім беретіндігімен және сол өнімнің қандай бағамен өткізілетіндігімен өлшенеді.

Сондықтан малды асылдандыру, салмағын арттыру, жемдеу, бордақылау және өткізу нарығын ұйымдастыру біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы тұрғыдан алғанда «Еділбай-Қоскөл» кооперативінің алдағы жоспары назар аударуға тұрарлық. Кооператив аналық мал санын 5 мың басқа жеткізуді және 3 мың басқа арналған бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатты 2-3 жылдың ішінде жүзеге асыру көзделген. Егер жоспар орындалса, шаруашылықтың сипаты да өзгереді. Мал өсіретін шағын кооперативтен өндірістік тізбегі қалыптасқан кәсіпке айналу мүмкіндігі пайда болады. Яғни малды өсірумен қатар, оны бордақылау, салмақ қосу, нарыққа дайындау және өткізу үдерістері бір жүйеге бірігеді. Мұндай модель ауыл шаруашылығы үшін маңызды. Өйткені қосылған құнның басым бөлігі шикізатты жай ғана сатудан емес, оны белгілі бір деңгейде өңдеп, нарық талабына сай дайындаудан қалыптасады. Рауан Сапардың кәсіптің қиындығы туралы пікірі де осыны толықтыра түседі. Кәсіпкер жігіт сондай-ақ төзімділік пен шыдам да істің дұрыс жүруіне ықпал ететінін айтады. «Әуелде бәрі қиын болады. Соған шыдас беріп, ыдығын үйренсең кейін бәрі орнына келеді дейді», дейді ол. Мал шаруашылығының табиғаты осындай. Бір күнде нәтиже бермейді. Бір маусымда барлық мәселе шешілмейді. Шаруаның табысы малдың табиғи өсіміне ғана емес, оның күнделікті еңбегіне тәуелді. Сондықтан ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту туралы сөз болғанда, тек несие сомасын немесе мемлекеттік бағдарламаны емес, кәсіпкердің тәжірибесін, еңбек мәдениетін және нарықты түсіну қабілетін де қатар қарастыру қажет. Қанат Қайраттың тәжірибесі – осының тағы бір мысалы. – Мал бағу оңай емес. Бірігіп бақпасаң қиын. Біз өзі үш ағайындымыз осы ауылда. Мал өсірем десең кооператив құр, соған кір. Үкімет қолдап отыр, соған жағдай жасап жатыр. Біз үш ағайынды жігіт бірігіп, шаруамызды жүргізіп отырмыз. Шабындықты да жайылымды да бірге пайданалынп, техникаларды ортаға салып, бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, бұл жерде несиенің де рөлі зор. Несие алмасаң шаруаны алға сүйрей алмайсың. Күшке түседі. Біз әуелде үкіметтің бағдарламасы бойынша 72 бастай қой алғанбыз. 10 бас жылқы алдық. Соны өсіріп, өндіріп 3 жылда 350 дей басқа жеткіздік. Мұның бәрі жұмысты жүйелі жүргізу, істің ыдығын білудің арқасы. Құдайға шүкір, бізді әкеміз бала күнімізден осы ата кәсіпке баулыды. Жалпы еңбек етуге үйретті, – дейді қожалиқ иесі. Бұл жерде кооперацияның тағы бір артықшылығы көрінеді. Үш ағайындының жайылымды, шабындықты және техниканы ортақ пайдалануы – жеке шаруашылықтың шығынын азайтып, өндірістік мүмкіндігін арттырады. Ауылдағы ұсақ шаруашылықтардың негізгі проблемаларының бірі де осы. Бір адамның техника алуы қымбат. Бір шаруаның жем-шөп дайындауы да шығынды. Мал саны аз болған жағдайда тасымалдау мен өткізу де тиімсіз болуы мүмкін. Ал бірнеше шаруаның бірігуі бұл шығындарды бөлісуге мүмкіндік береді. Демек, кооперация – тек бірнеше адамның бір ұйымға кіруі емес. Ол ресурстарды біріктіріп, шығынды азайтып, өнім көлемін ұлғайтып, нарықтағы мүмкіндікті арттырудың экономикалық тәсілі.
«Ауыл аманаты»: бір кооперативтен ауыл экономикасына дейін
Қоскөлдегі жағдайға сырттай қарағанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бір кооперативке 28 млн теңге несие берді деген қарапайым қорытынды жасауға болады. Бірақ мәселенің экономикалық әсері мұнымен шектелмейді. Кооператив құрылды. Мал сатып алынды. Мал басы көбейді. Жеке қосалқы шаруашылықтармен байланыс орнады. Жұмыс орындары пайда болды. Малға жем-шөп, ветеринариялық қызмет, тасымал және өткізу қажет болды. Ал шаруашылық кеңейген сайын осы қызметтердің әрқайсысына сұраныс артады. Осы тұрғыдан алғанда, ауыл экономикасына мемлекеттік қолдаудың әсерін бір ғана несие сомасымен өлшеу жеткіліксіз. Оның жанама әсері де бар. Бір кәсіптің айналасында басқа кәсіптер мен қызмет түрлеріне сұраныс пайда болады. Қоскөл ауылдық округінің әкімі Нұрлан Жүгінісовтің айтуынша, бұл өзгерістің тағы бір маңызды нәтижесі – ауыл тұрғындарының кәсіпке деген көзқарасының өзгеруі. – Жігіттер жүрексінді әуелді. Бірақ, «нар тәуекел» деп бастап кетті. Қазір шаруаларын жап жақсы меңгеріп алды. Әуелде үш адамнан құрылған кооперативте бүгенде 15 шақты адам еңбек етеді. Мүшесі болып. Олар ауыл аманатынан 2,5 пайызбен несие алып, жұмыстарын бастаған еді. Жалпы бұл бағдарлама шаруа қожалықтарының жұмысын көтеруге, экономикасын арттыруға үлкен ықпалын тигізіп отыр. Осындай азаматтарды көрген өзгелер алда басталған іс жүріп жатқанын көріп олар да өз істерін бастап жатыр. Біз ауылда кооператив ашуды мақсат етіп едік, соған ақырындап қол жеткізіп келемез. Бастама бар, – дейді ауыл әкімі. Әкімнің сөзіндегі «бастама бар» деген ұғымның өзі ауыл экономикасы үшін маңызды көрсеткіш. Себебі кез келген мемлекеттік бағдарламаның ұзақ мерзімді нәтижесі оның қанша қаржы бөлгенімен ғана емес, сол қаржыдан кейін ауылда қанша адамның кәсіп бастауға ниеттенгенімен де өлшенеді. Бір шаруаның нәтижесі екіншісіне үлгі болады. Бір кооперативтің жұмысы басқа азаматтарға сенім береді. Мемлекеттік қолдаудың мүмкіндігін көрген адам өз жоспарын іске асыруға тәуекел етеді. Осылайша экономикалық белсенділік біртіндеп көбейеді. «Ауыл аманатының» тиімділігі де осында. Бағдарлама ауыл тұрғынына дайын табыс әкелмейді. Ол кәсіп бастауға қажетті бастапқы мүмкіндікті ұсынады. Ал сол мүмкіндікті нақты табысқа айналдыру үшін шаруаның еңбегі, тәжірибесі, есеп-қисабы және нарықты түсінуі қажет. Қоскөлдегі тәжірибе осы екі фактордың – мемлекеттік қолдау мен жеке бастаманың – қатар жүргенде ғана нәтиже беретінін көрсетеді. Бүгінде кооператив мүшелерінің саны 15 шақты адамға жеткен. Мал басы бастапқы көрсеткіштен айтарлықтай өскен. Алдағы мақсат одан да ауқымды. Еділбай қойының аналығын 5 мың басқа жеткізу, 3 мың басқа арналған бордақылау алаңын ашу. Бұл жоспарлардың жүзеге асуы уақыт пен тұрақты еңбекті талап етеді. Бірақ ауыл шаруашылығында маңыздысы – мақсаттың қойылуы ғана емес, оған апаратын алғашқы қадамдардың жасалуы. Қоскөлдегі 180 бастан басталған шаруашылықтың 340-тан асуы – сол алғашқы қадамның нәтижесі. Ал ендігі міндет – мал басын көбейтумен шектелмей, оның экономикалық қайтарымын арттыру.

Яғни сапалы мал өсіру, бордақылауды жолға қою, өнімді тұрақты өткізу, кооперацияны күшейту және ауыл тұрғындарын ортақ іске тарту. Ұлытау үшін қой шаруашылығы – ата кәсіп. Бірақ ата кәсіпті сол күйінде сақтап қалу жеткіліксіз. Оны бүгінгі нарықтың талабына бейімдеп, технологиямен, қаржымен және тиімді ұйымдастыру тәсілдерімен ұштастыру қажет. «Еділбай-Қоскөл» кооперативінің тәжірибесі осы бағыттағы алғашқы қадамдардың жасалып жатқанын көрсетеді. Ең бастысы – ауыл тұрғынының кәсіпке деген сенімі оянып келеді. Ал сенім нақты іске ұласқанда ғана ауыл экономикасында тұрақты қозғалыс пайда болады. Бір кооперативтің жұмысы – бір ауылдың ғана шаруасы емес. Ол ауылдағы еңбекке, кәсіпке, табысқа және өз күшіне деген сенімнің қалыптасуына әсер ететін үдеріс. Сондықтан «Ауыл аманатының» ең үлкен нәтижесін тек берілген несие көлемінен емес, сол қаржының арқасында ауылда қанша кәсіптің басталғанынан, қанша малдың көбейгенінен, қанша адамның еңбекке тартылғанынан және ең бастысы, ауыл тұрғынының «өз кәсібімді бастай аламын» деген сенімінің күшейгенінен іздеген жөн.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
