Байқоңырда спорт алаңы жаңарды

Салауатты ұрпақ тәрбиелеу – кез келген елді мекен үшін маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе ауылдық жерлерде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, оларды спортқа баулу және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік туғызу – басты назардағы бағыттардың бірі.

Осы мақсатта Байқоңыр ауылындағы көпсалалы кортқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңартылған спорт алаңы енді ауыл тұрғындарына спортпен шұғылдануға қолайлы әрі қауіпсіз орта ұсынады. Көпсалалы спорт алаңының жаңаруы, ең алдымен, ауыл балалары үшін маңызды. Өйткені бос уақытын спортпен өткізуге мүмкіндік алған жасөспірімнің денсаулығы нығайып қана қоймай, бойында тәртіп, жауапкершілік, табандылық және командалық рух секілді қасиеттер қалыптасады. Сонымен қатар мұндай алаңдар ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тартуға да оң ықпал етеді. Жаңартылған кортта балалар мен жасөспірімдер спорттың әртүрлі бағыттарымен айналысып, өзара достық қарым-қатынасын нығайтып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алады. Спорт алаңының ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуы жастардың белсенді өмір салтын қалыптастыруына серпін бермек. Бұл игі іске ауылдың спорттық инфрақұрылымын жақсартуға үлес қосқан «Мерей Мариям» мүгедектер қауымдастығы да атсалысты. Аталған ұйым тарапынан көпсалалы корттың ағымдағы жөндеу жұмыстары сапалы жүргізіліп, ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның жаңаруына қолдау көрсетілді. Ауыл тұрғындары үшін мұндай әлеуметтік маңызы бар бастамалардың орны ерекше. Себебі елді мекеннің дамуы тек ауқымды жобалармен ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті шағын да маңызды нысандардың жақсаруымен де өлшенеді. Спорт алаңының жаңаруы – ауыл балаларына жасалған қамқорлықтың нақты көрінісі. Бүгінгі жас ұрпақ үшін жасалған қолайлы жағдай ертеңгі күні дені сау, белсенді әрі елжанды азаматтардың қалыптасуына негіз болады. Байқоңыр ауылында қолға алынған бұл бастама тұрғындардың ортақ игілігіне бағытталған жұмыстардың жалғасы. Ауылдың көркеюіне, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған әрбір іс – ел болашағына жасалған инвестиция. Осындай ортақ іске қолдау көрсетіп, ауылдың спорттық инфрақұрылымын жақсартуға үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарға ауыл жұртшылығының алғысы шексіз. Сонымен, спорт алаңы жаңарды, ендігі міндет – оны тиімді пайдалану. Өйткені дені сау ұрпақ – ауылдың да, елдің де жарқын болашағы.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.