Сарысудағы серпінді қадамдар

Сарысу ауылында елді мекеннің әлеуметтік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар нысан ел игілігіне берілді. Соның ішінде ауыл тұрғындары мен шаруалар үшін маңызы зор Сарысу– Түйемойнақ бағытындағы 21 шақырым автомобиль жолының құрылысының аяқталуы – көптен күткен жаңалықтың бірі.

Сарысу ауылындағы айтулы шараға аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысандардың пайдалануға берілуімен құттықтады.
Елді мекеннің тыныс-тіршілігі мен шаруалардың күнделікті жұмысы үшін жолдың маңызы айрықша. Бұған дейін асфальт жабындысы болмаған Сарысу–Түйемойнақ бағытындағы жолдың биыл толықтай жаңартылып, асфальт төселуі тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізбек.
Ұзындығы 21 шақырымды құрайтын жол енді ауыл тұрғындары мен шаруалардың аудан, облыс орталығына қатынауын едәуір жеңілдетеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер үшін бұл – маңызды қолдау. Өйткені өнімді уақытылы әрі қауіпсіз тасымалдау, қажетті құрал-жабдық пен жем-шөпті жеткізу сияқты жұмыстардың барлығы жол жағдайымен тікелей байланысты.
Жолдың жаңаруы – елді мекеннің сыртқы келбетін ғана емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Қатынас жолының сапалы болуы ауыл мен аудан орталығы арасындағы байланысты нығайтып, шаруашылық жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне мүмкіндік береді.
Салтанатты шара барысында ауылда жаңадан салынған ашық футбол алаңы мен ветеринариялық станция да пайдалануға берілді.
Ашық футбол алаңы – ауыл балалары мен жастары үшін спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік беретін жаңа орын. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда мұндай нысандардың маңызы зор. Енді ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайға ие болды.
Ал ветеринариялық станцияның ашылуы – төрт түлік өсіріп, мал шаруашылығын кәсіп еткен ауыл тұрғындары үшін маңызды. Ветеринариялық қызметтің елді мекеннің өзінде қолжетімді болуы мал дәрігерлік көмекті уақытылы алуға, алдын алу шараларын жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мал басының амандығы мен шаруашылықтардың тұрақты жұмысына ықпал етеді.
Биыл Сарысу ауылында абаттандыру жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінді. Елді мекеннің көркін кіргізіп, қоғамдық орындар мен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар қоршау жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, 250 метр қоршау, 100 метр 3D қоршау және биіктігі 3 метр, ұзындығы 200 метр қоршау орнатылды.
Бұл жұмыстар ауылдың ажарын айқындап, елді мекенді көркейтуге өз үлесін қосуда. Инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік нысандар санын арттыру және абаттандыру – ауылдың болашағына бағытталған жұмыстардың бір бөлігі.
Сарысу ауылында қолға алынған жобалар тұрғындардың күнделікті тұрмысына қолайлы жағдай қалыптастырумен қатар, елді мекеннің даму қарқынын арттыруға бағытталған. Жолдың жаңаруы, спорт алаңы мен ветеринариялық станцияның ашылуы – ауыл өміріне қажетті бірнеше бағыттың қатар қамтылғанын көрсетеді.
Алдағы уақытта да Сарысу ауылындағы инфрақұрылымды жетілдіру, абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.

Альмира ОСПАН.