Балалар алаңы – ел игілігіне

Сейсенбі күні аудан орталығындағы Тайжан көшесі тұрғындары шаттыққа кенелді. Аталған көше бойынан Балалар ойын алаңы ашылып, қолданысқа берілді. Ойын алаңының ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Батырлан СӘБДЕН қатысты.

Заманауи ойын алаңы көше тұрғындарының сұранысына сәйкес, жергілікті қазына қаражаты есебінен салынды. Алаңқайдың құрылыс жұмыстарын мердігер ұйым келісімшарт талаптарына сәйкес, сапалы орындап шықты. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа ойын алаңының ашылуы өскелең ұрпаққа үлкен тарту болды. Көше тұрғындары бұл бастаманы жылы қабылдап, өз ризашылықтарын білдірді.
– Осының бәрі балалардың қамы ғой. Ауданда жылт еткен жақсы жаңалық болса, қуанып жатамыз. Ал, кішкене балаларымызға арналған ойын алаңы тек балаларға ғана емес, бізге де қуаныш сыйлады,– дейді көше тұрғыны Айжан Сабырханқызы.
Ел ілтипатына иеленген ойын алаңының лентасын ауыл ақсақалы Қиятай Сәрсенов пен еңбек ардагері Айткүл Темірбекова қиды. Алаңқайда балалардың қауіпсіз әрі көңілді демалуына жағдай жасалған. Балалар үшін сырғанақ, әткеншек сияқты ойын жабдықтарымен әртүрлі спорт құрылғылары орнатылған. Алаң патша көңіл балалардың көңілінен шыққан тәрізді. Енді бүлдіршіндер таза ауада еркін тыныстап, бос уақыттарын қызықты, әрі көңілді өткізе алады. Жас ұрпақтың жарқын болашағы мен бақытты балалық шағы үшін жасалған бұл алаң Тайжан көшесінің сәнін ашып, балғындарға қуаныш сыйлады.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.