Металлургтерге құрмет көрсетілді
Металлург күні қарсаңында Қарсақбай кентінде «Q.I.Satbaev atyndagy Jezqazgan Tau-ken ondirisi» Қарсақбай металлургия зауытының еңбеккерлеріне арналған салтанатты шара өтті. Шара барысында өндірістің күрделі саласында қажырлы еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі бағаланып, олардың кəсіби шеберлігі мен салаға қосқан үлесі атап өтілді.

Металлургтерді кəсіби мерекесімен құттықтауға «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Q.I.Satbaev atyndagy Jezqazgan Tau-ken ondirisi» Бизнесті қамтамасыз ету департаментінің директоры Дархан Ранов, Ұлытау ауданы əкімінің орынбасары Батырлан Сəбден, Қарсақбай металлургия зауытының директоры Мұрат Мəткенов жəне оның орынбасары Смағзам Нұрмағамбетов, сондай-ақ «Кəсіп Қорған», «Əділетті жол» жəне «Jastar Bolashaq» кəсіподақ ұйымдарының өкілдері келді.
Мереке кент саябағында жаңадан бой көтерген «Металлургтер аллеясының» ашылу рəсімімен басталды. Аталмыш аллея Қарсақбай металлургия зауытының қызметкерлері мен осыдан он жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің демеушілік қаражаты есебінен абаттандырылды.
– Бұл аллея Қарсақбай зауытының 100 жылдығына дайындық шаралары аясында салынды. Оған зауыт директоры Мұрат Мəткенов мұрындық болып, кенттің азаматтары оны қолдап, өз күштерімен салып шықты. Бұл қарсақбай жұртшылығына зауыттың тартуы десек болады. Бүгін міне осы аллеяны салтанатты түрде ашып отырмыз, – дейді зауыт директорының орынбасары Смағзам Нұрмағамбетов.
Бұдан соң кенттің Мəдениет үйінде салтанатты жиын болды. Жиында металлургтердің ел экономикасы мен өңір өндірісін дамытуға қосқан үлесі аталып, үздік жұмыскерлер марапатталды. Атап айтқанда, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесі төрағасының Құрмет грамотасымен электр жабдықтарын жөндеу жəне қызмет көрсету жөніндегі электромонтер Барлыбай Танжаров марапатталды. Ал корпорация Басқарма төрағасының Құрмет грамотасы құю-металлургия цехының қолмен қалыптау учаскесінің қалыптаушысы Серік Түлкібаевқа табысталды.
Салтанатты шара барысында сөз алған Ұлытау ауданы əкімінің орынбасары Батырлан Сəбден металлургтердің еңбегі əрдайым жоғары бағаланатынын атап өтіп, өндіріс саласының дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Ол металлург мамандығы үлкен жауапкершілікті, кəсіби шеберлікті жəне төзімділікті талап ететінін айтып, сала ардагерлері қалыптастырған еңбек дəстүрін жалғастырып келе жатқан жұмысшыларға аудан əкімі атынан құрмет көрсетті. Ұлытау ауданы əкімінің Құрмет грамотасын құю-металлургия учаскесінің құюшысы Бақтияр Аңсағаевқа табыстады. Сондай-ақ аудан əкімінің Алғыс хатымен көлік учаскесінің жүргізушісі Есенгелді Тоқманбетов пен құю учаскесінің металл жонушысы Əділхан Өксікбай марапатталды.
Мерекелік жиында кəсіпорынның үздік жұмыскерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Еңбек ұжымының бірқатар мүшелері жоғары кəсіби шеберлігі, өндірістегі жетістіктері, көпжылдық еңбегі жəне салаға деген адалдығы үшін арнайы төсбелгілермен марапатталды. Экскаватор машинисі Мақсұтбек Нүркеев «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталса, слесарь-жөндеуші Сəруар Жанабаевқа «Кəсіподақтың құрметті қайраткері» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар тағы 12 жұмыскер кəсіподақ ұйымдарының төсбелгілері мен Құрмет грамоталарына ие болды.
Марапат иелері қатарында өндірістің түрлі бағытында еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың болуы – кəсіпорында еңбек адамына деген құрметтің айқын көрінісі. Себебі металлургия саласының тұрақты дамуы тек заманауи технологияларға ғана емес, ең алдымен білікті мамандардың тəжірибесі мен жауапкершілігіне байланысты.
Мерекелік шара тек ресми бөліммен шектелмей, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған мəдени жəне спорттық бағдарламалармен жалғасты. Өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетіп, мерекенің сəнін келтірді. Сонымен қатар саябақ аумағында балалар мен ересектер арасында асық ату, арқан тартыс, эстафета жəне басқа да спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Қарсақбай – қазақтың кен-металлургия тарихында өзіндік орны бар өндірістік аймақ. Ғасырдан астам тарихы бар бұл өңірде металлургия саласының қалыптасуы мен дамуына талай буын еңбек адамдары үлес қосты. Бүгінде Қарсақбай металлургия зауыты дəстүр мен тəжірибені сақтай отырып, заманауи өндіріс талаптарына сай жұмысын жалғастырып келеді. Кəсіпорынның жетістіктерінің негізінде – өз ісіне адал, кəсібін терең меңгерген еңбек ұжымының еңбегі жатыр.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

