Мерейлі отбасы – мемлекет мақтанышы

Қадым заманнан қоғамның темірқазығы мен діңгегі саналатын отбасы өнегесі, асыл құндылығымыз. Ғасырлар бойы «Отанды сүю – отбасынан басталады» деген ұғым қазақ қоғамында бұлжымас тұжырым ретінде тамырын тереңдетіп, Ұлы Дала елінің мызғымас тұғырнамасына айналды. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз санамызға сіңірілді. Отанға деген махаббат – отбасымызға деген мейірім, анамызға деген махаббат – осының бәрі отбасымыздан бастау алады. Өйткені, әр отбасы береке мен бірлігі жарасқан шағын мемлекет.

Бүгінде отбасылық әулеттің негізгі тіректері – қарияны құрметтеу, ананы қадірлеу, балаға жастайынан тәлім-тәрбие беру десек, бұның барлығы ұлтымыздың ұлағаты мен өнегелі салтында бар. Осы негізде ұлтымыздың өнегелі жолын қоғамға енгізу мақсатында жыл сайын елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді.
Биылда Ұлытау ауданында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық деңгейдегі іріктеу кезеңі өтті. Байыпты байқауда кенттер мен ауылдардан келген 13 отбасы бағын сынады. Аудандық комиссия мүшелері отбасының қоғамдағы белсенділігіне, қазақы құндылықтарды дәріптеуіне, салт-дәстүрді ұстануына баса назар аударып, жеңімпаз әулет пен жүлдегер отбасыларды анықтады. Байқау қорытындысына сәйкес, жеңімпаз бен жүлдегерлерді ұлықтау салтанаты аудандық мәдениет үйінде өтті.
Іс-шара барысында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков мерейі өскен жандарды құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.
– «Мерейлі отбасы» байқауы – отбасы мен қоғам арасындағы рухани байланысты дәріптейтін тағылымды шара. Бүгінгі таңда, отбасы мәселесін сақтау, отбасы институтын нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру – маңызды мәселе. Өйткені, әрбір отбасы ар-намыс пен қуаныштың тілек пен үміттің ұясы. Әр отбасының бірлігі – ел бірлігі. Сондықтан, берекесі мен бірлігі жарасқан барлық отбасыларға амандық, шаңырақтарына бақ-береке тілеймін, — деді аудан басшысы.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша сарысулық Дүйсенбековтер отбасы, Мибұлақ ауылынан Әбдірахмановтар отбасы және Сарлық ауылынан Әбділдиндер отбасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Ұлытау ауылынан қатысқан Бектемісовтер әулеті мен Байқоңыр ауылынан келген Ағыбаевтар отбасы екінші орынды еншіледі. Ал, бірінші орын жүлдесін Қоскөл ауылынан келген Жаналиндер әулеті жеңіп алды.
Сонымен, «Мерейлі отбасы» байқауының биылғы жеңімпазы Егінді ауылынан келген Смайловтар әулеті болды. Әулеттің әжесі Жаңыл Куишбаева 82 жаста, «Батыр ана» орденді, «Алтын алқа» иегері, ардагер ұстаз. Отағасы 2006 жылы өмірден озған. Бүгінгі күні балалары әкесі Қоныстан мирас болып қалған «Ерлан» қожалығын дөңгелетіп отыр. Отбасында 11 бала, 41 немере, 22 шөбере бар. Олар ұрпақ сабақтастығын сақтап, отбасы құндылықтарын дәріптеп келе жатқан жарасымды отбасы, көпшілікке үлгі боларлықтай өнегелі әулет.
Байқауда жеңімпаз атанған Смайловтар әулетіне 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Сонымен қатар, жүлделі бірінші, екінші, үшінші орынды иеленгендер тиістілігіне сәйкес, дипломдар мен қаржылай сыйлықтарға иеленді. Бұдан бөлек, басқа да қатысушылар түрлі деңгейдегі номинациямен марапатталды. Атап айтсақ, «Өнерлі отбасы» аталымына – Алишевтер отбасы, «Үлгілі отбасы» аталымына – Каримовтар отбасы, «Ордалы отбасы» аталымына — Мырзабековтер отбасы. «Берекелі шаңырақ» аталымына – Уәлиновтер отбасы. «Өнегелі отбасы» аталымына – Мұханбетжановтар отбасы, «Белсенді отбасы» аталымына – Мейрамбековтер отбасы иеленді. Бұл сый-сияпаттарды оларға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков өзі табыстады.
Енді алдағы күндері байқаудың аудандық іріктеу кезеңінде бас жүлдеге ие болған әулет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде бағын сынайды. Облыстық байқау Жезқазған қаласында өтпекші.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.