Шағын ауылдағы спорт сайыстары республикалық деңгейдегі додаға айналды

Ұлытау ауданына қарасты Шеңбер ауылдық округінің орталығы Қорғасын ауылы іргесіндегі «Бәйгетөбе» жазығында «Шырайлы мекен – Шеңберім» атауы телінген ұлттық спорт түрлерінен бәсекелі сайыстар өтті. Ұлытау облысының шалғайда орналасқан шағын ғана ауылында өткен дүбірлі додаға Ұлт ұясына іргелес жатқан Жаңаарқа ауданынан, Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан тысқары, Астана қаласы, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарынан атбегілер, сайыпқыран спортшылар мен жанкүйер қауым қатысты. Ойда жоқта, осылайша, республикалық деңгейдегі додаға айналып кеткен ілкімді іс-шараны ұйымдастырушылар – ұлттық рухты ұлықтауға мүдделі ауыл жастары.

Сөз басы

Дүбірлі сайыс бағдарламасында аламан бәйге, құнан жарысы, тай жарысы, тоқ бәйге, арқан тартыс, қол күресі, таяқ тарту, аударыспақ, қошқар көтеру жарыстары енгізіліп, олардың қай-қайсы да тартысты өткенін айта кету, ләзім. Сонымен қатар, ұйымдастыру шаралары мен жүлде қоры қандай да бір мемлекеттік құрылымның қатысуынсыз, тек осы ауылдың тумалары санатындағы жастар қауымының бастамасы әрі тікелей ұйытқы болуы негізінде, «ортақ қазанға» құйған жеке қаражаттары есебінен жүзеге асырылғанын ескерте кеткен де жөн секілді. Осы ретте олардың сырттан келген спортшылар мен жалпы жанкүйер қауымға аса қолайлы жағдай тудырғанын (киіз үйлер, шатыр құру, 200-ден аса адамға тегіс түскі ас беру, сауда-саттық ұйымдастыру және т.б.) тілге тиек етпей кетуге болмайды.
Айтқандай, Шеңбермен іргелес орналасқан Терісаққан ауылдық округі әкімдігі (әкім – Жантөре Өскенбаев) белсенді жастардың қолдауымен арнайы безендірілген киіз үй тігіп, кәуап саудасын қыздыруы «Көрші хақысы – Тәңір ақысы» қағидасын берік ұстанудың айғағындай әсер қалдырды.
Бәсекелі сайыс нәтижесі

1. Аламан бәйге (21 шақырым)
Қатысқан сәйгүліктер саны: 19
І орын – «Жұлдызай»
Иесі: Мұрат
Шабандозы: Дәулет
Қостанай облысы, Аманкелді ауданы
Жүлдесі: 1 000 000 теңге
ІІ орын – «Ұшқын»
Иесі: Әділжан
Шабандозы: Ернұр
Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылы
Жүлдесі: 1 тай + 200 000 теңге
ІІІ орын – «Ақтаңгер»
Иесі: Елхан
Шабандозы: Айсұлтан
Астана қаласы
Жүлдесі: 150 куб. мотоцикл
IV орын – «Қарақат»
Иесі: Манас
Шабандозы: Өмірбек
Қостанай облысы, Арқалық қаласы
Жүлдесі: 100 000 теңге
V орын – «Елторы»
Иесі: Еласыл
Шабандозы: Төреш
Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы
Жүлдесі: 70 000 теңге
2. Құнан бәйге (10,5 шақырым)
Қатысқан құнан саны: 15
І орын – «Жұмбақтас»
Иесі: Нұрсұлтан
Шабандозы: Нұрасыл
Жаңаарқа ауданы, Бидайық ауылы
Жүлдесі: 350 куб. мотоцикл
ІІ орын – «Көгершін»
Иесі: Серік
Шабандозы: Нұреке
Жамбыл облысы, Қордай ауданы
Жүлдесі: 300 000 теңге
ІІІ орын – «Валет»
Иесі: Асхат
Шабандозы: Айбек
Қостанай облысы, Аманкелді ауданы
Жүлдесі: 200 000 теңге
IV орын – «Айтөре»
Иесі: Мақсат Нұртаза
Шабандозы: Айсұлтан
Астана қаласы
Жүлдесі: 100 000 теңге
V орын – «Легенда»
Иесі: Ерлан Қарабалин
Шабандозы: Айназар
Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылы
Жүлдесі: 50 000 теңге
3. Тай бәйге (4 шақырым)
Қатысқан тай саны: 18
І орын – «Қаракөз»
Иесі: Сағдат
Шабандозы: Өмірбек
Ақмола облысы, Атбасар қаласы
Жүлдесі: Тай
ІІ орын – «Қасиет»
Иесі: Асыл
Шабандозы: Исламбек
Шет ауданы, Жарық станциясы
Жүлдесі: 200 000 теңге
ІІІ орын – «Ольга»
Иесі: Шерхан
Шабандозы: Ноқай
Ұлытау ауданы, Мибұлақ ауылы
Жүлдесі: 1 қой
IV орын – «Қарлығаш»
Иесі: Ербол
Шабандозы: Ернұр
Ақмола облысы, Атбасар ауданы, Қима ауылы
Жүлдесі: 50 000 теңге
V орын – «Самұрық»
Иесі: Елдос
Шабандозы: Елхан
Ұлытау ауданы, Терісаққан ауылы
Жүлдесі: 30 000 теңге
4. Аударыспақ
І орын – Матай Ердәулет (Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылы) – 150 000 теңге
ІІ орын – Нұрым Рақымбетов (Шеңбер ауылы) – 100 000 теңге
ІІІ орын – Әлтай Бердіқұл (Қаракеңгір ауылы) – 50 000 теңге
IV орын – Нұрбек Сейтмағанбетов (Жезқазған қаласы) – 30 000 теңге
5. Арқан тартыс
І орын – «Аманкелді ауданы — 2» командасы – 100 000 теңге
ІІ орын – «Шеңбер — 90-дар!» командасы – 70 000 теңге
ІІІ орын – «Шеңбер» командасы – 50 000 теңге
«Көрермен көзайымы» номинациясы – «Аманкелді ауданы — 3» командасы – 70 000 теңге
6. Қол күресі
І орын – Әмірәлі Алдияр (Шеңбер ауылы) – 70 000 теңге
ІІ орын – Бағдат Ордашбай (Шеңбер ауылы) – 50 000 теңге
ІІІ орын – Сайын Әуезханов (Қостанай облысы, Аманкелді ауданы) – 30 000 теңге
7. Таяқ тартыс
І орын – Әлтай Бердіқұл (Қаракеңгір ауылы) – 70 000 теңге
ІІ орын – Асылмұрат Бірімжан (Қорғасын ауылы) – 50 000 теңге
ІІІ орын – Манарбек Наурызбай (Қорғасын ауылы) – 30 000 теңге
8. Қошқар көтеру
І орын – Кенжеғали Абылай (Аманкелді ауданы) – Қошқар
ІІ орын – Әбдіхалық Әлихан (Ұлытау ауданы) – Ешкі
ІІІ орын – Кенжебай Дәулет (Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылы) – 30 000 теңге
9. Тоқ бәйге (тек Шеңбер ауылының қазақы аттары арасында)
Қатысқан ат саны: 10
І орын – «Ханқасқа»
Иесі: Таңжарық
Шабандозы: Мейірлан
Жүлдесі: 300 куб. мотоцикл
ІІ орын – «Ақтабан»
Иесі: Қанат Мусин
Бапкері: Асхат Мусин
Шабандозы: Шерхан
Жүлдесі: 200 000 теңге
ІІІ орын – «Сарыбауыр»
Иесі: Еркебұлан Абылаев
Бапкері: Аманкелді
Шабандозы: Әмина
Жүлдесі: 100 000 теңге
IV орын – «Береке»
Иесі: Жұмағат Болтаев
Шабандозы: Елдос
Жүлдесі: 50 000 теңге
V орын – «Желқара»
Иесі: Ғабдолла
Бапкері: Аманжол
Жүлдесі: 30 000 теңге
Ынталандыру жүлдесі (30 000 теңгеден):

* «Марғасқа» – иесі Думан Нұраев
* «Қоянқасқа» – иесі Ержан Кенішбек
* «Қоянқасқа» – иесі Мұстафа Думанұлы
* ”Қоянкөк” – иесі Болтаев Жұмағат
* ”Ақсұңқар” – иесі Таңжарық Қондыбаев

Сөз түйіні

Сайын даланы дүбірге бөлеп, ұлттық рухты асқақтатқан доданы тамашалаған қалың елдің «арқасы қозып», ерекше күй кешкені күмәнсіз. Қысқасы, бәйгеге қосқан жүйрігі алдына қара салмаған, балуаны тізе бүгіп көрмеген шежірелі Шеңбердің жас ұландары ата-бабадан қалған игі дәстүрді жаңаша сипатта жаңғырта білді. Ел аузында ежелден бар «Қанда бар ғой, қанда…» деген сөз осындайда айтылса керек-ті…
Алдағы жылы – Кеңес дәуіріндегі шаруасы келіскен Шеңбер совхозының құрылғанына 70 жыл толады. Енді, Қорғасынның қорғасындай шымыр жас азаматтары аталған мерейтойға дайындыққа тың құлшыныспен кіріспекші.
Ендеше, іске сәт!

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.

ҚОРҒАСЫН ауылы