Аймақ басшысы жұмыс сапарымен Ұлытау ауданына барды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Ұлытау ауданына жұмыс сапарымен барып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылап, бірқатар нақты тапсырма берді.

Алдымен өңір басшысы Жезді кентіне кіреберісте тұрғындардың сұранысы негізінде салынып жатқан арканың құрылысымен танысты. Облыс әкімі нысанның сәулеттік келбеті заман талабына сай, сапалы әрі көрнекі деңгейде орындалуы қажет екенін атап өтіп, мердігерге жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Одан кейін облыс әкімі Қарсақбай кентінде қоныс аударушы мамандарға арналған тұрғын үй құрылысының барысын бақылады. Өңір басшысы аудан әкімдігіне кенттегі бос тұрған тұрғын өзге де үйлерді қалпына келтірудің тиімді тетіктерін қарастырып, нақты ұсыныстар енгізуді міндеттеді.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қарсақбай кентінде жаңадан орнатылған су тазарту сүзгісінің жұмысымен танысты. Бұл жоба тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.

Келесі кезекте өңір басшысы облыстық маңызы бар Қарсақбай – Байқоңыр автомобиль жолының құрылысын бақылады. Облыс әкімі аталған жолдың Бұланты шайқасының 300 жылдығы қарсаңында қолға алынған стратегиялық маңызы зор жоба екенін айтты. Сонымен қатар бұл бағыт өңірдің оңтүстік және батыс өңірлерімен көлік қатынасын жақсартатын маңызды дәліз екенін атап өтіп, жол құрылысын биыл толық аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды. Сондай-ақ жұмыс сапасына ерекше мән берілетінін, жобаны қаржыландыру мәселесінде ешқандай кедергі болмайтынын жеткізді.

Сапар аясында облыс әкімі Бұланты шайқасы тарихи-мемориалдық кешеніне барып, нысанның қазіргі жай-күйін көрді. Өңір басшысы кешен аумағын абаттандыру жұмыстарын жедел бастау үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, аумақты сумен қамтамасыз ету мақсатында ұңғыма қазу жұмыстарын және жобаны қаржыландырудың нақты тетіктерін қарастыруды тапсырды.

Бұдан кейін өңір басшысы Байқоңыр ауылында мамандарға арналған тұрғын үй мен жабық футбол ангарының құрылысын бақылады. Облыс әкімі барлық жұмыстың сапалы, белгіленген мерзімде және бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Қарсақбай кентіне оңтүстік өңірден қоныс аударған отбасының үйіне арнайы барып, тұрмыс-тіршілігімен танысты. Облыс әкімі өңірдің дамуына өз үлестерін қосып жатқанына ризашылығын білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.