Сегіз сері ән-жырларының тарихилығы

Сал-сері әуес болған нақ құндызға,
Көз салған әр елдегі шын жұлдызға.
Шығарған «Қыз сипаты», «Ғайни» әнін,
Еркесі Ысық жұрты Ғайни қызға.

Сардар еді Сегіз сері тура сөзді,
Ер еді аса көркем, иманжүзді.
Жолығып Үшбуылда Патшайымға,
Арнаған әсем әні «Қаракөзді».

Ер Сегіз өзге ақыннан болған басым,
Шығарды Мақпалға арнап «Гауһартасын».
Ән салып, күй шығарып, дастан жырлап,
Әр жердің тамсандырған кәрі-жасын.

Қайтпаған жаудан оның жас жүрегі,
Талмаған сан майданда ақ білегі.
Таралған қолтаңбамен Кіші жүзде
Сегіздің «Айман – Шолпан», «Қыз Жібегі».

Сегізде толып жатыр тамаша әндер,
«Әйкен-ай», «Жылы ой», «Қарғаш», «Бес қарагер».
«Шолпан қыз», «Айдидау» мен «Боз қараған» –
Бәрі де ол шығарған ғажап әндер.

Сегіздің жұрт сүйінген әндеріне,
Жатады «Ақ бұлақ» пен «Дүние-ай» терме.
Бұлардан ешқашанда кем түспейді
«Туған жер», «Ғұмыр» дейтін өлеңі де.

Ер Сегіз басшы болған қалың қолға,
Ел малын айырады жаудан жолда.
Сүйсініп жорықтарда мінер атқа
Шығарған әсем әні «Құла жорға».

Батыр еді жырау Сегіз салтанатты,
Ақ жарқын, ашық мінез, инабатты.
Жырлаған топ ішінде өр шабытпен,
Жайылды бір хиссасы «Есіл» атты.

Таралды ол шығарған «Қобыланды»,
Дастанын жақсы деп жұрт бағалады.
Халықтан тірісінде алғыс алып,
Үш жүзді палуан Сегіз аралады.

Хиссасы Сегіз сері тарап елге,
Түгелдей жария болды көп елдерде.
Сал Сегіз толғау, өлең-жырларында
Беріпті үлкен баға өткендерге.

Үш бірдей дастанында тоқталыпты
Қыпшақта Қойлыбайдай әулиеге.
Ер Сегіз Қойлекеңді қадір тұтып,
Түнепті көрегеннің бейітіне.

Қасына өнерлінің бәрін жиды,
Әр елден алып жүрді тарту-сыйды.
Шығарды «Алмас қылыш», «Жорық», «Тұлпар»,
«Көк найза», «Дабыл», «Садақ» дейтін күйді.

Тойтарған мерген Сегіз елдің жауын,
Бітірген аз сөзбенен елдің дауын.
Арнаған Зухра атты келіншекке
Өзінің бір ғажап ән «Тік шырқауын».

Сегізбен заманында жолдас бопты
Кіші жүз Исатай мен Махамбет ер.
Жиналған туы астында ұстазымның
Құсбегі, атбегі, аңшы, көп жауынгер.

Шығарған «Әудемжерді» Қобылан ата,
Бұл топта жасы үлкен ақын еді.
Бір жігіт шырық бұзып көрген емес,
Айтқаны Сегіз сері мақұл еді.

Шығарған «Әудемжерді» сексен жаста,
Мінезі Қобылан атам биязы екен.
Шырқаған осы әнді алғашқыда
Ұстазым Сегіз бенен Нияз екен.

Солардың салдық құрған арқасында
«Әудемжер» көп елдерге болған мәлім.
Шәкірті Ер Сегіздің болған кезде
Өзім де Қобыланнан алдым тәлім.

Екі жыл ер серіге шәкірт болдым,
Саналып ең кішісі қалың қолдың.
Сегізге барар шақта біліп едім
Өнерге ашыларын даңғыл жолдың.

Үйреніп ұстазымнан «Гауһартасты»,
Мен-дағы әнге ұйыттым кәрі-жасты.
Шығарып «Гауһартастай» ән биігін,
Сегіздің басқа ақыннан әруағы асты.

Өнерге жолды ашып, бастап алдым,
Басыма домбырамды жастап алдым.
Жаттап ап Сегіз сері хиссаларын,
Құбылтып неше түрлі әнге салдым.

Сүйсінді ел ұстазымның әнін тыңдап,
Батырдың «Мақпал», «Қарғаш» әнін құндап.
Ән-күйін шәкірттерге үйретуші еді,
Сал Сегіз көрген емес сөзін бұлдап.

Дайрабай, Сейітжан сал, Көрпе, Тоқжан,
Жаманқұл, Мергенбай мен Шәрке, Біржан.
Бәйеке, Құлтума мен Жәмшібай, Нұркей,
Бағаналы Балтеке, Қоңырат Мырзан.

Тезекбай, Кемпірбай мен Қуат, Жапар,
Бәрі де сал Сегізге шәкірт болған.
Шағырай, Жоламандар – кіші шәкірт,
Жасынан ақын болып, өлең қонған.

Найманда төртуылдан Мырзаш әнші,
Басқа да шәкірті көп өнер қуған.
Мырзан, Мырзаш, Дайрабай үшеуінен
Өзгесі суырыпсалма ақын еді.

Бір жігіт шырық бұзып көрген емес,
Айтқаны құсбегі Сегіз мақұл еді.

Ұғып ап ақын Сегіз айтқандарын,
Көшіріп, жаттап алдым дастандарын.
Әнін сап, күйін тарттым, жырын шырқап,
Қатардан әңгіме еттім асқандарын.

Шырқадым Сегіз сері «Көкем-айын»,
«Ерденкөк», «Алқоңыр» мен «Сәулем-айын».
«Бозшұбар», «Қызға сәлем» әнін айттым,
Несіне сауық құрмай қорғалайын.

Сегізден үлгі-өнеге ап артты өнерім,
Мен ондай көрген емен жыр шеберін.
Әр ауылда әншілерге жазып бердім
Ұстазымның тамаша ән-өлеңін.

Біздерге үлкен міндет көпті бұру,
Мақсұтым – жақсылармен мәжіліс құру.
Тағы да менің баппен шырқайтыным –
Сегіздің тамаша әні «Кісем сұлу».

Сегізден ұстазым деп бата да алдым,
Ұнатып тілек тілеп айтқандарын.
Елге әкеліп, халыққа кең тараттым
Ән-күйін, насихаттап жыр-дастанын.

Саятшы әкем Байжан, Мұса атым,
Жыр еттім өнерпаздың хикаятын.
Ішінде Малқозының мен Толыбай,
Арғында Сүйіндіктен асыл затым.

Жаяу Мұса ұстазының шығармашылығына осылай әділ баға береді.

Сегіз сері:

Қош келдің Сері ағаңа, Мұса бала,
Байжандай жақсы ағадан туған дана.
Есейіп, ақыл-қайрат толған шақта
Қазақтың баласына болғай пана.

Шығыпсың Сүйіндіктен жастай дара,
Құрбыңнан озып жүрген зерек бала.
Жетім-жесір, ғарыптың қамқоры бол,
Ержетсең сенде болар ақыл-сана.

От жүрек, ер мүсінді, балғын білек,
Боларсың туған елге үлкен тірек.
Өзіңе хал-хадри ән үйретем,
Сегізден келген болсаң бата тілеп.

Әрдайым, Мұса інім, жолың болсын,
Ақындық саған дарып, әруақ қонсын.
Бақытың тіршілікте өрлей түсіп,
Денеңе күш пен өнер, ән-күй толсын! –

деп кенже шәкірті Мұса Байжанұлына бата берген.

«Сегіздің төлтуындылары болып саналатын 30-ға тарта әндері мен 4 хисса-дастаны, 4 толғау-термесі мен 6 күйінің қысқаша тарихын, оларды кімге арнағанын және өзін қосқанда 26 талантты шәкірттерінің де аттарын атап, руларын таратып, түсін түстеп, қайсысы ақын, әнші, күйші екендігіне дейін айтқан.

Сондықтан ақын Жаяу Мұса Байжанұлының тарихта болғандығы рас болса, оның деректері де ешқандай күмән туғызбайтын ақиқат және өзім 17 әнін білемін», – деп ол әндерді маған тізіп берді, қазақ өнері мен мәдениетінің ақсақалы, профессор, КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Еркеғали Рахмадиев ағамыз.

Осы арада «Сегіз серіні жерлесі Ғабең неге жазбаған?» деген алыпқашпа сөздерді жоққа шығарғым келеді.

Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Ғ.Мүсіреповтің артында қалған мол мұраларын «Қазақстан тарихы» журналына бастырып шығара бастады. 2014 жылы шыққан аталмыш журналдың №1, №2 және №4 сандарында Сегіз серінің өмір тарихы жайында көп мәліметтер жарияланғанын институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов ағам хабарлап, маған осы журналдарды берді.

Есеней мен Сегіз серінің нағашы тегіне үңілер болсақ, екеуі де Кіші жүз Байбақтыға жиеншар. Есенейдің шешесі – атақты Сырым Датұлы батырдың қарындасынан туған Ақжелең деген кісі. Сегіздің атасы Шақшақ Көшекұлының анасы Ақбота – Сырым батырдың туған апасы, Даттың қызы (Бұл деректерді мен үлкен әкесі Мүсіреп Есенеймен жолдас болған, ал әкесінің інісі Мүсірәлі Сегіз серінің шәкірті болған жазушы Ғабит Мүсірепов пен Есенейдің күйеу баласы Торсанның атқосшысы болған Сәбит Мұқановтың деректерінен алдым. Қос заңғар жазушының да шығармаларында Сегіз серіні көрген тарихи кейіпкерлер бар. Оның үстіне, керей-уақтың арғы-бергі тарихын екеуінен артық білетін адам жоқтығын ескердім – С.О.)

Сегіз сері Баһрамұлының ғашықтық лирикасындағы оның ешкімге ұқсамайтын, өзіне ғана тән өлең шығару ерекшелігі мен көзге ұрып тұратын тәсілі – салыстырмалық ұйқастары, метафора, теңеу көп кездеседі, әсіресе ат ер қанаты болған заманда, ән арнаған сұлуларына міндетті түрде сері астындағы тұлпарын да өлеңге қосып айтуды әдетке айналдырғандығы, қай өлеңін алсаңыз да, алғашқы екі шумақтан-ақ аңғарылып тұрады. Мысалы,

«Алқоңырда»:

…Жаратқан ақбоз аттай сылаң қағып,
Бейуақыт сейілге шық жайна-дағы;

«Назқоңырда»:

Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,
Кел десең, неге аяйын аттың терін;

«Ақбақайда»:

Ат қайда Ақбақайдай жорта желген,
Қыз қайда құдашадай көзі күлген;

«Әйкен-айда»:

Құранды ерді көтеріп атқа салдым,
«Әйкенжан» деп атыңды хатқа салдым;

«Бозшұбарда»:

Бозшұбар, жорғаңа бас, алдыңда ел жоқ,
Қарсы алар Мақпал сынды қыпша бел жоқ;

«Гауһартаста»:

…Жай жүріп, шаттанасың әсерленіп,
Әсемсің жүйрік аттай мойын бұрған;

«Мақпалда»:

Үйірі қысырақтың мақпал қара,
Шашыңды түнде өріп, күндіз тара, –

болып кете береді.

Бұл арада «Мақпал» әні туралы академик Ахмет Жұбанов: «Ақанның көпке белгілі «Мақпалы» қандай жағдайда шығуы жайлы анық дерек жоқ», – деп күмән келтіруі орынды. Өйткені бұл Сегіз серінің «Мақпалы» (С.О.) (А. Жұбанов. «Замана бұлбұлдары». Алматы: Дайк-Пресс, 2002. 75-бет).

Сегіздің махаббат лирикасындағы бұл өзіндік дәстүр жалғасын тауып, Біржан салдың «Айтбай», «Бурылтай», «Керкекіл», Құлтуманың «Соқпай-соқ», Ақан серінің «Маңмаңгер», «Торыны таң асырып мінген қандай», «Іңкәр-ай» әндерінде көрініс табады. Бұл туралы Қазақстанның халық артисі, профессор, қазақ өнерінің ардагері, композитор Еркеғали Рахмадиев ағамыз: «…Сегіз серінің басқалардан ерекшелігі – оның әндерінің сөздерінде көбіне бір жолы – қыздың сыны, бір жолы – аттың сыны болып келетінінде», – дейді. Дәйекті уәж.

Мұнымен қоса, бұл арада басын шешіп алатын бір мәселе – Сегіз сері төрт жыл бойы қашқын болып, Кіші жүзде ұлы нағашыларын сағалап, сол жақта «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек» дастандарының бір нұсқасын жырлап және әндер шығарғанын жоғарыда айттық.

«Көтібардың асы» атты өлеңінде:

…Туыстың естіп мақұлын,
Қоспақ болып ақылын,
Тілеу, Қабақты топтауға
Жұмсады Жанақ ақынын.

Тілеу, Қабақ екі елдің
Шақырды Жанақ жақсысын.
Бұл ақылға қоспақшы
Назардың биін, бастысын, –

деп жырға қосқанындай, Тілеу мен Қабақ – Кіші жүз он екі ата Байұлына жататын рулы елдің бір табы, өте қонақжай, сауыққой ел болғандықтан қашқындықта жүрген Сегіз бен Нияз серілерді көп күн күтіп, пана болған ел. Қоштасарында осы іргелі рулы Тілеу, Қабақ елінің азаматтарына ризашылық сезімнен, жүрекжарды көңілден шыққан алғыс әні десек ақылға сыяды. Өнертанушы А.Затаевич өз жинағында да №489 ән – «Тілеу-Қабақ» (название казахского рода) деп жазған. Бұл ойымды Ақселеу аға да ру аты деп мақұлдаған болатын (Әннің көтеріңкі, ризашылық көңілмен орындалатынын және жеке адам атына ешқандай теңеу не мадақ жоқ екендігін ескергеніміз жөн – С.О.).

Халық әні санатында жүрген «Алқоңыр», «Назқоңыр», «Қарғаш», әсіресе «Гауһартас» – Сегіз серінің туындылары. Мұны марқұм Жәнібек Кәрменов айтып та, жазып та кетті. Өзінің ұстазы, халық әртісі Жүсіпбек Елебеков шәкірті Жәнібекке: «Шырағым, бұл әндерді шығарған – Сегіз сері. Ол – Қызылжардың тумасы. Бұл әндер халық әні болып жаңсақ жазылып жүр», – деген екен. Бұл әңгімені Жәнібек аға кезінде қызылжарлық ғалым, жазушы Зейнолла Әкімжановқа айтыпты.

Сегіз сері туралы бірінші дерек: С. Мұқановтың «…Жаманшұбардың ең әншісі, ойын-сауықтың гүлі – Қабамбайдың Ғабдолы. Менің бар арманым – сондай әнші болу», – деп Ғабдолдан үйренген «Мақпал – Сегіз» поэмасына байланысты ескертпесінде: «Осы поэманы бертін кезде мен Ақтөбе, Қызылорда, Жетісу, Семей елдерінде естідім. Осылардың кейіпкерінің аты да Сегіз бен Мақпал бола тұра, оқиғалық жағынан да, өлеңдік жағынан да айырмалары көп болады. Және әр өлке Мақпалды өз елінің қызы ғып айтады. Ғабдолдың вариантында Мақпал Сырдариялық қыз. Поэма былай басталады:

«Уағада сөзге қызық лебізбенен,
Бір сөзді екі қайта дегізбеген,
Сарқылып сағасы су сап болады,
Телегей тең болмайды теңізбенен.

Айырып досты достан, жарды ашықтан,
Сұм дүние кімдерге опық жегізбеген.
Арқаның бойын жайлап, Сырды қыстап,
Өтіпті бір сал жігіт Сегіз деген.

Басталар қысқы аяз ақпанменен,
Сонарда түлкі аулайды қақпанменен.
Сол Сегіз Мәжнүндей ғашық бопты,
Бір қызды Ләйлі көріп Мақпал деген», – деп үзінді келтіріп, жетімдікпен өткен балалық шағында «Зарқұм», «Ләйлі – Мәжнүн», «Бәдіғұл – Жамал», «Сәйфіл – Мәлік», «Жүсіп – Зылиқа», «Ер Тарғын», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», «Сұлушаш», «Мақпал», «Жиенбай – Балқия» сынды поэмаларды домбырамен айтып жан сақтаған өзінің жетімдік, аянышты халін суреттейді (С.Мұқанов. «Өмір мектебі». Алматы: Жазушы. 1974, 180–181-беттер).

Серік ОСПАНОВ.

Соңы келесі санда.