Жасөспірімдер құқығын қорғау – қоғамның ортақ міндеті

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, Ұлытау ауданында 1 және 3 шілде аралығында жасөспірімдерге қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасын күшейту бағытында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдерге қарсы жасалатын құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық санасын арттыру. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың, буллингтің, зорлық-зомбылықтың, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрудің және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу болды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Саябақтар мен қоғамдық орындарда рейдтік шаралар өткізіліп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі бақылауға алынуда. Заң талаптарын бұзуға жол берген тұлғаларға қатысты қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданды.
Жасөспірім тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Әрбір ата-ана баласының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оның жүріс-тұрысына көңіл бөліп, құқықтық тәрбие беру ісіне ерекше мән беруі қажет.
Құқық бұзушылықтың алдын алу – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды кепілі. Сондықтан, барша тұрғындарды жас ұрпақтың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, заң мен тәртіпті сақтауға шақырамыз.

Ұлытау аудандық полиция бөлімі.