Балапан батыр – Ұлытау даласының ұмытылмас қаһарманы
Келер жылы қазақ халқының азаттық күресіндегі ең даңқты тарихи белестердің бірі – Бұланты-Білеуті шайқасына 300 жыл толады. 1727 жылы қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларына күйрете соққы берген осы ұлы жеңісі ел тағдырын айқындаған шешуші оқиғалардың қатарына жатады. Бұлантыдағы жеңіс – тек әскери табыс емес, қазақ халқының бірлікке ұйысқанын, азаттық жолындағы жігері мен рухының сынбағанын дәлелдеген тарихи кезең. Сондықтан мерейтой қарсаңында сол шайқаста ерлік көрсеткен баһадүрлердің өмір жолын жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы.

Ұлытау – ұлт тарихының алтын бесігі. Бұл қасиетті өлке ғасырлар бойы ел тағдырын шешкен оқиғалардың куәсі болып, талай ханның ордасы, талай батырдың ат тұяғы тиген мекенге айналды. Кең сахараның төсінде еркін көшіп-қонған қазақ жұрты үшін туған жердің әр төбесі мен әр қыраты қасиетті ұғым саналды. Сол қасиетті мекенді сыртқы жаудан қорғау жолында Ұлытау өңірінен де талай ерлер шықты. Солардың бірі – Кішітау жерінің перзенті, Құлтоба немересі Баймембетұлы Балапан батыр.
XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басындағы жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Ел басына күн туған шақта қарапайым халықпен бірге ел ішінен шыққан батырлар қолына қару алып, азаттық үшін атқа қонды. Ел аузында сақталған тарихи деректер Балапан батырдың осындай сын сағатта туған жерін қорғаған ерлердің алдыңғы қатарында болғанын көрсетеді.
Шамамен 1695 жылы дүниеге келген Балапан Баймембетұлының жастық шағы жаугершілік заманмен тұспа-тұс келді. Ауызша тарихи мәліметтерге қарағанда, ол Ұлытаудың белгілі батыры Құттымбетпен қатарлас болып, жорықтарға бірге қатысқан. Бұл деректер оның XVIII ғасырдың алғашқы ширегінде ел қорғаны болған азаматтардың қатарында жүргенін аңғартады.

Халық жадында Балапан батыр ірі денелі, қайсар мінезді, жауға тайсалмай қарсы шығатын ержүрек сардар ретінде сақталған. Сонымен бірге дуалы ауыз, ел бірлігін ойлаған, жұртты соңынан ерте білген беделді тұлға болғаны айтылады. Мұндай қасиеттер сол дәуірдегі батырларға ғана тән емес, ел басқарған қайраткерлерге де ортақ сипат еді.
Тарихи аңыздар мен шежірелік деректер Балапан батырдың Кішітау өңіріне төнген жоңғар жасақтарына қарсы шайқастарда ерекше ерлік көрсеткенін баяндайды. Ел ішінде оның Бұланты шайқасына Ұлытау өңірінің басқа да даңқты батырларымен бірге қатысып, қазақ қолының жеңісіне үлес қосқаны жөніндегі деректер ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Бұл мәліметтер ғылыми тұрғыдан әлі де терең зерттеуді қажет еткенімен, өңірлік тарихи жадының маңызды бөлігі болып табылады.
Батырдың азаматтық болмысын танытатын тағылымды әңгімелердің бірі ел арасында бүгінге дейін сақталған. Жасы ұлғайған шағында Балапан батыр: «Батыр, батыр дегенге қалмақты көп қырған екенмін. Көп қан төккен екенмін. Енді соның кесірі ұрпағыма тимесе екен, ұрпағым аз болады-ау…» деп толғаныпты. Бұл сөздер батырдың тек қайсар жауынгер ғана емес, соғыстың қасіретін жүрегімен сезінген, адам өмірінің қадірін түсінген, ұрпағының болашағына алаңдаған кемел тұлға болғанын аңғартады.
Бүгінде Бадана әулетінен тараған ұрпақтары батыр рухына тағзым ретінде оның тұлпарының ізі қалған Кішітау өңірінде белгітас орнатқан. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, тарихи жадымызды жаңғыртып, елдік сананы нығайтатын игілікті іс. Мұндай бастамалар туған өлкенің тарихын тереңірек тануға, жергілікті батырлардың есімін ғылыми айналымға енгізуге де жол ашады.
Тарих – халықтың рухани тұғыры. Сондықтан Бұланты шайқасының 300 жылдығы қарсаңында Ұлытау өңірінен шыққан батырлардың өмірі мен ерлігін кеңінен насихаттау – уақыт талабы. Балапан Баймембетұлының есімі де сол даңқты тұлғалардың қатарында лайықты орын алуға тиіс. Оның ерлігі – туған жерге адалдықтың, елдік пен бірліктің жарқын үлгісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихын таныған халықтың тамыры терең, болашағы берік болады» деген болатын. Ендеше, Балапан батырдай баһадүрлердің есімін ұлықтау – өткенге құрмет қана емес, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух дарытудың маңызды жолы. Батырлар рухы – Мәңгілік Елдің рухы. Сол рух ұрпақ санасында жаңғырып тұрғанда, елдің еңсесі де биік болмақ.
Нұрлан ИСМАЙЫЛОВ.

