Қазақтың рухын оятқан күрес
Рух – ұлттың, этнос пен халықтың күретамыры. Ол осынысы мен қасиетті ұғым. XX ғасырда қазақ халқының қаруды қаламға айырбастап, күрестің жаңа түріне көшуі, XVIII-XIX ғасырлардағы бостандық үшін жан алып жан беріскен қанды оқиғалардың тарихи-саяси шешімі еді. Тағдырдың қалауы, тарихтың жазуымен қазақ еліне жоңғар, орыс, қытай жұрттарымен көрші болуды тәңірдің өзі бұйырыпты. Соңғы екеуімен кәзірде алыс-берісі толастамай тұрса, алғашқы елмен қатынасы қақтығысқа ұласып, тарлан тарих рухы биік жұртты өз сахнасында алып қалған секілді. Бұл кездейсоқтық емес. Тарихтың заңы.

Жалпы, XVII ғасырдың соңы–XVIII ғасырдың басы Қазақ хандығының жоңғарларға қарсы күресінің күрделі тарихи кезеңі болып табылады. Аталған кезең тоғысында жоңғарлар Жетісу аумағына, сондай-ақ Шу мен Талас өзендерінің алқабын басып кіреді. Осы кезеңде жоңғарлар шамамен он мыңға жуық қазақтарды тұтқынға алады. 1702–1703 жылдары жекелеген жоңғарлардың қақтығыстарына жауап ретінде қазақ жасақтары Жоңғарияға және қалмақтарға қарсы шабуыл жасайды.
Тәуке ханның жоңғар қонтайшысымен дипломатиялық қарым-қатынасына қарамастан 1708 жылы қазақтарға жоңғарлардың жекелеген шабуылына тойтарыс беруіне тура келеді. Соғыс бірнеше жылға созылады. 1723–1725 жылдары аумақты кеңейту және қалпына келтіру мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығының аумағына бірқатар шабуылдар жасайды. 1723 жылы жоңғарлар бірінші болып Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтарына соққы берді. Қазақ ауыз әдебиетінде бұл кезең «Ақтабан шұбырынды» деп аталады. Сол кезеңде халықтың қайғы-қасіреті «Елім-ай» әнімен танылған. XVIII ғасырдың 20-шы жылдарында қазақтар арасындағы ала ауыздықты пайдаланып, жоңғарлар қазақ жерінің көп бөлігін жаулап алады. Ұлытау таулары мен Балқаш көлі қазақтар мен жоңғарлардың батыс шекарасы болып, жоңғарлар қазақ хандығын Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларының қолөнер орталықтары мен базарларынан шеттетеді.
Жоңғар шапқыншылығынан қазақ халқы үлкен зардап шекті. Көптеген жайылым жерлерден айырылған қазақ халқы мен әр түрлі рулар, қауымдар жаңа жерлерге көшіп қонуға мәжбүр болады. Осы жағдайлардың барлығы бірқатар аймақтардың бірігіп, жауға қарсылық көрсетуіне әкеліп соғады. Ол үшін қоғамдық ынтымақтастықпен қоса, танымал қазақ батырлары мен атақты билері үлкен рөл атқарды.
XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар қатынасының елеулі оқиғаларының бірі — 1727 жылғы «Бұланты шайқасы». Қазақ халқының осы шайқастан бастау алған жеңісі Жоңғар мемлекетіне деген тәуелділіктен азат етті. XVII ғасырдың соңынан бастап, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аумағы жоңғар билеушілерінің қол астында болды. Бұл жайында ғалымдар Б.Ж.Аубекеров пен И.В.Ерофеева еңбектерінде деректер келтірген. 1717 жылы Аягөз бойында қазақтар мен жоңғарлар арасында ірі шайқас өтеді. 1722 жылы Цин императоры Кансидің қайтыс болуына байланысты Пекиннің Жоңғар хандығымен арасындағы саясат өзгеріске ұшырап, екі арада келіссөздер басталады. Осы жағдайды пайдаланып, Сыбан-Раптан қазақ жерлерін басып алу үшін жоңғар әскерлерін Шу, Талас өзендерінің бойына шоғырландыра бастайды. 1723 жылғы жоңғар әскерлерінің шабуылы қазақ халқы үшін үлкен соққы болды. Бұл оқиға қазақтардың жадында «Ақтабан шұбырынды» деген атпен сақталған. М.Тынышпаев бұл оқиғаны Кіші жүз қазақтарының «Сауран айналған», Ұлы және Орта жүз қазақтары «Алқакөл сұлама» деп атайтынын жазады. А.И.Левшин Ұлы жүз бен Орта жүздің аз бөлігі Ходжентке, Орта жүздің көп бөлігі Самарқандқа, ал Кіші жүз Хиуа мен Бұқараға қарай көше қашқанын және көп ауыртпалықтар әкелгенін, мал табындарының күн сайын кеміп, айырбас сауда тоқтап, қайыршылық пен қайғы-қасірет жалпыға ортақ болғанын жазады. Қазақ арасында «қайың сауған» сөз тіркесінің сақталуы осы кезеңге келеді және халықтың қорегі болмай, қайың ағашының қабығын аршып, сөлін ішкендігін айғақтайды.
Қазақтардың жеңіліске ұшырауы ішкі саяси бытыраңқылықтың нәтижесінен туындаған еді. Тәуке ханның өлімінен кейін Қазақ хандығы бөлшектеніп, сыртқы жаудан қорғана алмауы, жоңғарлардың ұрымтал сәтті пайдаланып, көктем уақытында тосыннан шабуыл жасауы осындай қырғынға алып келді. Бұл қазақ арасында өзара ауыз бірліктің қажет екендігін көрсетті. В.А.Моисеев 1724 жылдың өзінде осы үрдістің басталғанын жазады. 1726 жылы Түркістан қаласына таяу Ордабасы деген жерде қазақтың үш жүзінің кеңесі өтеді. В.А.Моисеев бұл кеңесті қазақ батырларының қысымымен аға хан Болат шақыруы мүмкін деген жорамал жасайды. Бұл туралы А.И.Левшиннің еңбектерінде айтылады. Сол жолғы кеңес барысында сыртқы жауға бірлесе отырып соққы беруге, қазақ жерлерінен ығыстырып шығаруға шешім қабылданады. Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланып, ақбоз ат құрбандыққа шалынады. А.И.Левшин бұл жөнінде былай деп жазған: «Ортақ іс сол арада бір-біріне адалдыққа ант беру арқылы қастерленді. Әбілқайыр хан бас қолбасшысы болып сайланды. Сөйтіп, халықтық әдет бойынша құрбандыққа шалынған бие болашақ табыстың кепілі ретінде қабылданды. Төнген қауіп ішкі өзара қырқыстарды бітістірді, жалпы келісім туғызып, бәрін бір нәрсеге бағыттады. Тұтас халықтың жиналысында ілгері басудың, ортақ жауға шабуыл жасап, оларды ежелгі қырғыз-қазақ жерінен қуып шығудың негізі қаланды». Қазақтардың бірігіп, жоңғарларға шешуші соққы беруі ұлт ұясы — Ұлытау жерінде жүзеге асады.
Осы тұста Ұлытаудың тарихы мен табиғатын алғаш академиялық ғылыми тұрғыдан жүйелеп зерттеген Қаныш Сәтбаевтың еңбегі ерекше екендігін ұмытпауымыз аса қажет. Ол Жезқазған – Ұлытау өңірін зерттей отырып, Бұланты, Білеуті, Қалмаққырылған сынды тарихи жер атауларының мән-маңызына арнайы тоқталған. Бұл ғылыми мұра қазақ халқының тарихи картасын нақтылауда, ұлттық сана-сезім мен тарихи жадыны жаңғыртуда айрықша рөл атқарды. Қаныш Сәтбаевтың «Ресей үшін Кремль қандай қадірлі болса, меніңше, қазақ елі үшін Ұлытау да сондай қастерлі» деген сөзі – Ұлытаудың қазақ үшін орны бөлек екенін білдірсе керек.
Тарихи деректерге назар аударсақ, жауға алғашқы соққы Сарысудың батыс жағындағы Шұбартеңізде берілді. Ұзақ жорықтан кейін тыным алып жатқан жоңғарлар бұл шабуылды күткен жоқ еді. Қарсыласуға шамалары келмей қалды. Бас көтеріп ұмтылғандары сұрапыл қарсылыққа тап болды. Қазақтардың екпіні қатты еді. Қарсы тұру мүмкін болмады. Жау амалсыз атының басын кері бұрып Білеутіге қарай шегінді. Мұның ішінде 1727 жылы Бұланты өзені бойындағы шайқас «Қалмаққырылған» деген атаумен сақталды. М.Тынышпаев Бұланты, Білеуті өзендерінің бойында, Қарасиыр деген жердегі алғашқы жеңіс Кіші жүз батырлары бастаған жасақтардың күшімен қол жеткізілгенін жазады. Ауыз әдебиетін жинап зерттеуші Әбубәкір Диваев осы шайқасқа байланысты қазақ аңыздарының негізінде Кіші жүз және Ұлы жүздің аз бөлігінің қалмақтармен үш жылдай соғысып, Тайлақ батыр мен Саурық батыр Қарасиыр деген жерде толық жеңіске жетеді және осы жер «Қалмаққырылған» деген атаумен аталады.
Ұлытауда болған ұлы шайқас – әскери тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да қазақ халқы үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан да осынау тарихи қанды шайқаста қолына қару алып қан кешкен Сәмеке, Әбілмәмбет, Көкжал Барақ, Саңырық, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Тайлақ, Малайсары бастаған сұлтандар мен батырлардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа насихаттамақ ләзім.
Бұл майданда ерлермен қатар ару аналарымыз да ерен ерлік көрсетіп, тарихта қалды. Бұланты-Білеуті шайқасында ұлтымыздың қайсар қыздары да қол бастап ел намысы үшін арпалысты. Абылай ханның қызы Айтолқын, үйсін Қаратай батырдың қызы, Олжабай батырдың анасы Есенбике, Қабанбай батырдың жары Гауһар ана мен қаһарман қызы Назым, атақты Бұланбай батырдың жары, барлаушы топтың жетекшісі Айбике, Алшыннан шыққан батыр қыз Ақбикеш, найман Жандәлі, Есет батырдың қызы Ботагөз сынды арулар – қазақ қызының қайсар рухы мен елдікті қорғаудағы ерлігінің мәңгі үлгісі.
Зерттеуші В.З.Ғалиев қазақ жасақтарының Ұлытау өңірін азат етуге күш жұмсауын Шу, Жетісу бағытында жоңғарлардың күші басым болуымен және Ұлытау өңірінің қазақтар үшін стратегиялық маңызы ерекше екендігімен түсіндіреді. Қазақтар өздерін Алтын Орданың мұрагері санайды. Ал Ұлытау бұрынғы мемлекеттік бірлестікпен рухани байланыстырушы жер болды.
Қазақ атты әскері 250–300 шақырымға созылған жолды үш-төрт күн ішінде өтіп 1727 жылдың көктемінде Қарасиыр деген жерде жау әскерлерімен шайқасады. Осы шешуші шайқас нәтижесінде қазақ жасақтары жоңғар күшін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Жоңғарлар зор шығынға ұшырап кері қашты. Бұл ұлы жеңіс кейінгі Аңырақай шайқасына да тікелей ықпал етті.
Қорыта айтқанда, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен кейін қазақ рухын көтерген ұлы соғыс – Бұланты-Білеуті шайқасы. Бұл жеңіс қазақ халқын жойылып кету қаупінен сақтап қалды. 1727 жылғы осы шайқас – бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихи іргетасы, ұлттық рухымыздың алтын арқауы.
Қабдол ӘУЕЗОВ,
тарихшы, археолог.