Бұл жұрт Біржановты біле ме екен? Ұлытаудан шыққан ғалым туралы бір үзік сыр

Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір өңірдің тарихымен астасып жатады. Оның өмір жолына үңілсеңіз, туған өлкенің өткені мен бүгіні, арманы мен еңбегі қатар өріліп жатқанын көресіз. Мұхамбеталы Біржанұлының ғұмыры дәл сондай тағдырлардың қатарына жатады. Оның есімі Ұлытау өңіріндегі ғылымның, табиғатты қорғау ісінің және ботаникалық зерттеулердің дамуымен тығыз байланысты.

ХХ ғасырдың ортасына дейін Жезқазған мен Ұлытау аймағы көбіне өндірістік әлеуетімен танылғанымен, табиғи байлығын ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселесі әлі толық жүйеге түсе қоймаған еді. Осы кезеңде өлкедегі өсімдіктер дүниесін зерттеу, жергілікті флораны сақтау және жаңа өсімдіктерді жерсіндіру бағытындағы жұмыстар ерекше маңызға ие болды. Бұл міндетті жүзеге асыруда Мұхамбеталы Біржанұлының еңбегі айрықша болды.
Ол 1926 жылдың 20 желтоқсанында Ұлытау ауданының Қаракеңгір ауылында дүниеге келген. Болашақ ғалымның балалық шағы ел басынан өткен күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Отбасы кейінірек Жетісу өңіріне қоныс аударғандықтан, Мұхамбеталы туған жерінен жастай алыстап кетті. Дегенмен, үлкендердің туған өлке жайлы әңгімелері оның жүрегінде Ұлытауға деген ерекше сағыныш қалыптастырды. Қаракеңгірдің аты, туған жердің табиғаты, ата-баба қонысы туралы естеліктер бала көңілінде өшпес із қалдырды.
Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, 1945 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Бұл оқу орны оның ғылым жолындағы алғашқы үлкен баспалдағы болды. Институт қабырғасында ол агрономия, өсімдік шаруашылығы, топырақтану салаларын терең меңгерді. Студенттік жылдары-ақ, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығымен көзге түсті.
1949 жылы жоғары оқу орнын «Дала шаруашылығы» мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман ғылыми ізденісін жалғастырып, аспирантураға түсті. Оның ғылыми жұмыстары ауыл шаруашылығы өндірісін жетілдіру мәселелеріне арналды. Дәл осы кезеңде Орталық Қазақстандағы ғылыми жұмыстарды жандандыру мәселесі көтерілді. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өндіріс қарқынды дамып жатқан Жезқазған өңірінде табиғатты зерттейтін арнайы ғылыми орталықтың қажеттігін жақсы түсінді. Оның пікірінше, кен өндірумен қатар табиғатты сақтау, өсімдіктер дүниесін қорғау және жаңа жасыл аймақтар қалыптастыру қатар жүруге тиіс еді. 1939 жылы құрылған тәжірибе станциясы белгілі бір уақыт қызмет атқарғанымен, кейін жұмысы тоқтап қалған болатын.
1957 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен сол негізде Қазақ КСР Ғылым академиясы Ботаника институтының Жезқазған бөлімшесі қайта ашылды. Бұл бөлімшенің жұмысына жетекшілік ету үшін жас болса да тәжірибелі әрі талапшыл ғалым Мұхамбеталы Біржанұлы таңдалды.
Сол жылы ол Жезқазғанға келіп, Ботаника институты бөлімінің меңгерушісі қызметіне кірісті. Кейін бұл бөлімше қайта құрылып, «Жезқазған ботаникалық бағы» деген атауға ие болды. Осылайша, Мұхамбеталы Біржанұлы жаңа ғылыми мекеменің қалыптасуы мен дамуына тікелей басшылық жасады. Ол жас мамандарды жинап, ғылыми ұжым қалыптастырды. Табиғаттың өзін зертханаға айналдырып, тәжірибелік жұмыстарды кеңінен жүргізе бастады. Оның жетекшілігімен Орталық Қазақстан флорасын зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Ғалымдар өңірдегі пайдалы, дәрілік және сирек кездесетін өсімдіктерді анықтап, олардың қорын есепке алды. Өсімдіктердің табиғи таралу ерекшеліктері зерттелді. Сонымен қатар, басқа аймақтардан әкелінген өсімдіктерді жергілікті климат жағдайына бейімдеу жұмыстары қолға алынды.
Бұл жұмыстардың нәтижесі көп күттірмеді. Бұрын шөлейтті болып саналатын аумақтарда сәндік ағаштар мен бұталар өсіріле бастады. Жеміс ағаштарының жаңа түрлері сынақтан өткізілді. Дәрілік өсімдіктердің көптеген үлгілері интродукцияланды. Ғылыми тәжірибелердің арқасында өңірді көгалдандырудың жаңа мүмкіндіктері ашылды.
Қазіргі таңда бақ Жезқазған қаласының оңтүстігінде, Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында орналасқан. Жалпы аумағы 62 гектарды құрайды. Мұхамбеталы Біржанұлы бұл мекемені 1957 жылдан 1986 жылға дейін үздіксіз басқарды. Отыз жылға жуық уақыт ішінде ол ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттарын қалыптастырып, берік ғылыми мектептің негізін қалады. Оның шәкірттері кейін ғылым кандидаттары мен докторлары атанып, республика ғылымының дамуына үлес қосты. Замандастары оның талапшыл әрі әділ басшы болғанын ерекше атап өтеді. Ол тәртіпті қатаң талап ететін, бірақ әрбір қызметкерге қамқорлық танытып, жас мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасайтын. Сондықтан, ботаникалық бақ ұжымы бір мақсатқа жұмылған үлкен отбасы іспетті болды.
Ғалымның еңбегі тек зерттеу жұмыстарымен шектелген жоқ. Оның бастамасымен Жезқазған қаласын көгалдандыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Бүгінде «Жастар» көшесінің бойындағы саябақтар мен жасыл желектер сол еңбектің нақты жемісі болып саналады. Бір кездері қуаң, шаң басқан аумақтардың орнына жайқалған ағаштар өсіп шықты. Әрбір отырғызылған ағаш табиғатты өзгертуге болады деген сенімнің белгісіне айналды. Қатал климат жағдайында өсімдіктер өсіру оңай шаруа емес еді. Дегенмен, ғылыми негізде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көптеген ағаш түрлері өңірде сәтті жерсіндірілді.
Ғалымның өмір жолы тек кәсіби жетістіктермен ғана өлшенбейді. Ол өз ұрпағына адамгершілік пен еңбекқорлықтың үлгісін қалдырды. Мұхамбеталы Біржанұлы Ұлытау өңіріндегі Жырық–Сандыбай батыр әулетінен тарайды. Қойайдардан Біржан, Біржаннан Мұхамбеталы дүниеге келген. Оның Мэлс, Шолпан, Сәуле және Қарлығаш атты балалары өсіп-жетіліп, бүгінде әке тәрбиесін жалғастырып келеді.
1999 жылдың 29 маусымында Мұхамбеталы Біржанұлы 73 жасында дүниеден өтті. Артында бай ғылыми мұра, көгалданған өлке және тәрбиеленген шәкірттер қалды. Ал, зайыбы Минура Сүлейменова 2005 жылы өмірден озды.
Бүгінде Жезқазған ботаникалық бағы оның бастаған ісінің заңды жалғасына айналып отыр. Қазіргі таңда мұнда өңір флорасын зерттеу, өсімдіктердің электрондық дерекқорын жасау, сирек түрлерді сақтау және интродукциялау жұмыстары жалғасуда. 2000 жылдан бастап, бақ дербес мекеме мәртебесін тоқтатып, Ботаника және фитоинтродукция институтының филиалы ретінде қызмет етеді.

Ерғали ҚАСЫМБЕК.