Ұлытау облысында аумақтық қорғаныс күштерінің онкүндік арнайы оқу-жаттығуы басталды

Жаңаарқа ауданында 2026 жылғы аумақтық қорғаныс күштерінің тактикалық-арнайы оқу-жаттығуының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды іс-шара 16–25 маусым аралығында ұйымдастырылады.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайту, аумақтық қорғаныс жүйесінің тиімділігін арттыру және әскери міндетті азаматтардың даярлық деңгейін жетілдіру.

Арнайы дайындыққа ауданның түрлі салаларында еңбек ететін 80-ге жуық азамат қатысуда. Жаттығу барысында жұмылдыру іс-шараларын ұйымдастыру, жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін арттыру, стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету мен қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету дағдылары пысықталады.

Мұндай оқу-жаттығулар өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Сонымен қатар олар азаматтардың патриоттық рухын нығайтып, Отан алдындағы жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етеді.