Айтыстың ақтаңгеріне арналған көрме
Жуырда Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Мұханбетқали Сейтқазиновтың 70 жас мерейтойына арналған «Дәридай – дәурен» атты шығармашылық кеш аясында аудандық тарихи-өлкетану музейі көрме өткізді.

Мұханбетқали Сейтқазинов 1956 жылы 4 сәуірде Ұлытау ауданының Шеңбер ауылында дүниеге келген. Ол – қазақ айтыс өнерінде «Дәридай» атымен танылған, ұлттық рухты жырларына арқау еткен ақын. Саналы ғұмырын ұстаздықпен ұштастырып, елге қызмет еткен тұлға. 1989–2003 жылдары республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болған. «Ақтұма», «Қара кітап», «Дәридай-жүрек» жыр жинақтарының авторы. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атанып, көптеген марапаттарға ие болған.
Мерейтойлық кешке өңір басшылары, зиялы қауым өкілдері, айтыс өнерінің майталмандары қатысып, ақын өнеріне құрмет көрсетті.
Осы кеш аясында Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған «Айтыстың ақтаңгері – Дәридай» атты көрме көрермен назарына ұсынылды.
Көрменің негізгі мақсаты – ақынның өмір жолын, айтыс өнеріндегі орнын, шығармашылық мұрасын және елге сіңірген еңбегін кеңінен таныту, кейінгі ұрпаққа өнеге ету болды.
Экспозиция мазмұны терең әрі жан-жақты құрылып, бірнеше тақырыптық бөлімдер арқылы ақын өмірінің барлық кезеңдерін қамтыды. Көрмеде ақынның туған жері – Шеңбер ауылына қатысты фотосуреттер, балалық шағы мен отбасы архивтері, айтыс кезіндегі тарихи сәттерден сыр шертетін суреттер қойылды.
Сонымен қатар, ақынның шығармашылық мұрасы да кеңінен таныстырылды. Келушілер оның «Ақтұма», «Қара кітап», «Дәридай-жүрек» атты жыр жинақтарымен танысып, айтыс өнеріндегі қолтаңбасын тереңірек сезінуге мүмкіндік алды. Ақынның ұстаздық қызметі мен қоғамдық жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
Көрменің ерекше бөлігін ақынның жеке заттары мен құнды жәдігерлері толықтырды. Атап айтқанда, оның жеке құжаттары, фотосуреттері, алған марапаттары мен төсбелгілері көрерменге ұсынылды. Әсіресе, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов сыйға тартқан домбыра келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл жәдігер – ақындар арасындағы рухани сабақтастық пен құрметтің белгісі ретінде бағаланды.
Мазмұнды көрме келген қонақтардың көңілінен шықты. Облыс әкімі, қала және аудан әкімдері, сондай-ақ айтыскер ақындар мен зиялы қауым өкілдері көрмені тамашалап, оның мазмұны мен маңыздылығына жоғары баға берді. Олар мұндай көрмелердің ұлт руханиятын дәріптеудегі рөлі ерекше екенін атап өтті.
Жалпы айтқанда, бұл көрме Мұханбетқали Сейтқазиновтың тұлғасын жаңа қырынан танытып, оның айтыс өнеріндегі және қоғамдағы орнын айқындай түсті. Бұл – тек бір тұлғаның мерейтойлық шарасы ғана емес, ұлттық өнер мен руханиятқа деген құрметтің көрінісі болды.
Светлана ОМАРОВА,
Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері.
