Ұлтымның айғақтаған ғажап үнін, Дәридай – мақтанышы қазағымның!

Мұханбетқали (Мұқаш) Сейткaзинов – 1956 жылы бұрынғы Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Қорғасын (Шеңбер) ауылында дүниеге келген. Ақын, айтыс ақтаңгері. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Ақтұма», «Қара кітап», «Дәридай-жүрек» жыр жинақтарының авторы.
Есімі «Қазақстан айтыс ақындары» энциклопедиясына енген. 1989-2003 жылдары бірнеше республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып, жүлдегер және жеңімпаз атанған.
Көпшілік айтыссүйер қауым «Дәридай» ақын деп таниды. Мұқаштың Қонысбай Әбіл, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Айтақын Бұлғақов, Шорабек Айдаров, Дүйсенбай Жұмасейітов, Елена Әбдіхалықова сынды шайырлармен сөз сайысы айтыстың классикалық үлгісі ретінде бағаланған.

ҰЛЫТАУЫМ – ҰРАНЫМ

Болған көне Астанам,
Бірлікке жол бастаған.
Ұлы бесік – ұлтыма,
Ұлытауым – асқақ ән.

Балбал тасты өңірі,
Баһадүрлер қорымы.
Бабатаудан басталған,
Бабалардың жорығы.

Өткенді еске алғанда,
Тебіренбес жан бар ма?
Мінбер болған Билерге,
Орда болған Хандарға.

Түбіміз Көкбөрі ме?
Тартқан елміз тегіне.
Жатыр дейді осында,
Тоқтамыс пен Едіге.

Тарих тұнған өңірдің,
Өткенінен не білдің?
Алтыншоқы – бекеті
Әйгілі Ақсақ Темірдің!

Халқым қолдар қосыла,
Алтынордам осы ма?
Жортқан жарты әлемде,
Жатыр мұнда Жошы да.

Не көрмеген бұл далам?
Болсын қыз да, ұл да аман.
Ұлы далам әрдайым,
Ұлытауды тыңдаған.

Ұрпақтары ән қылып,
Салтанаты сән құрып.
Жатыр Ұлытау жаңаша,
Бүгін қайта жаңғырып.

Осы еді елдің күткені,
Қойды Ақорда нүктені.
Атқа қонып қарт Ұлытау,
Қайта еңсесін тіктеді.

Болдық соның куәсі,
Ел мәз-мейрам, расы.
Құлпыра бер, жайнай бер,
Ұлттың Ұлы ұясы!

Ұлы жермен ел бірге,
Ұлы көшке ердің бе?
Ұлытауға бардың ба,
Ұлар құсты көрдің бе?..

ТҮЙМЕСІМІН ТАЙЖАН КИГЕН ШАПАННЫҢ
(Ұлытау ауданының 85 жылдығына)

Тасбұлақ жыр бүлкілдетіп көмейді,
Тәубе-тәубе, қуаныштар көбейді.
Алтын күзде, менің Алтын аймағым.
Жасқа келіп жатырсың ба мерейлі?!

Қуанамыз оңнан желі соқса елдің,
Ертеңіңе мен өзіңнің бек сендім.
Белдігіңе жеткен жасты жазып ап,
Сеңгіріне шығып жатсың 80-нің.

Өткен шақтың бәрі-бәрі ойымда,
Жыр ұшқыны барын байқап бойымда.
Алғаш мені сен айтысқа қосқансың
50 жылдық үлкен мерейтойыңда.

Тұңғыш көрдім үлкен жиын, нөпірді,
Ұлытау жайлы өлең-жырлар оқылды.
Камал ағам көп қонақты бастап кеп,
Төрегелді көкем төрде отырды.

Қарттарынан Бабатаудың бата алдым,
Түймесімін Тайжан киген шапанның.
Сейтқазының Мұқашы емес додада,
«Ұлытаудың Дәридайы» атандым.

Жырға қостым сені талай жақта алыс,
Қуантады атқарылып жатқан іс.
Ұққан жанға мынау Ұлы далада,
Ұлытаудың ұлы болу – мақтаныш.

Том-том тарих – шежірелі тауларың,
Тәңір дұрыс жасаған-ау таңдауын.
Қазан айы – қазан аузы жоғары,
85-ің құтты болсын, ауданым!

ҰЛЫТАУДА – РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ!

Құлан десе қазағым, құла түзге қарады,
Ұлытаудың тасында біраз іздер бар әлі.
Бабатаудың төрінде салтанатпен ашылды,
Бабалардың рухына – «Рәміздер алаңы».

Ұлытауым ұлт үшін Ұлылардың мекені,
Көк Байрақпен жетпей тұр төбем көкке екі елі.
Әулиетау басында Әнұраным шырқалып,
Елтаңбама берді орын Едігетау етегі.

Қасиетті жер ғой бұл – бабаларға ұнаған,
Жыраулары арнаған жалындаған жыр әмән.
Ұлытаудың атына, болмысына, затына,
Жарасып тұр ерекше жаңа ашылған бұл алаң.

Сыр сандығы осы жер – салтым, дәстүр, ғұрпымның,
Орны бөлек сондықтан біздер үшін бұл күннің.
Қол соғайық, ағайын, құтты болсын қуаныш,
Ұлытаудың төрінде – Төлқұжаты ұлтымның!

АҚТОҒАЙ мен ҰЛЫТАУ немесе Бесік пен Ұя

Жан болса архивтерді ақтара алған,
Сол қағаздар табылар тартпалардан.
КСРО-ның тұсында аты шулы,
30 аудан болатын «артта қалған».

Ол 30-ды Мәскеу жақ жақтамайтын,
Ақтамайтын, ешқашан мақтамайтын.
Бірі оның – Ұлт ұясы Ұлытау да,
Бірі оның – алтын бесік Ақтоғай-тын.

Ұлт үшін әдіре қап ұран ізгі,
Талқандап, тарихи бар мұрамызды.
Жел өтінде қалдырды империя,
Жетпіс жыл Бесік пенен Ұямызды.

Мекендері болған соң күш-ағыстың,
Азабын тартты ел шідер, тұсамыстың.
Ұлытау – Үш жүзіме ұя болса,
Ақтоғай – ұшқан жері Үш арыстың.

Қайнатты қос ауданның сорын анық,
Қалай ғана ұмытсын оны халық?!
Әйтеуір, ілігіпті осы күнге,
«Өлмегенге жолығып өлі балық».

Дұрыс қой, тарих шаңнан аршылғаны,
Ақсораң, Ұлытау – дала, тау-шыңдары.
Ел тілегі – егемен ел болдық қой,
Жарқырап енді өңірлер жансын бағы.

«КӨКМАЙСА» – ҰЛЫТАУДЫҢ БӨКТЕРІНДЕ

Мұндай жер айтшы аз ба, көп пе елімде?
Болады келіп көзбен тек көруге.
Көк байрағын көгінде желбіреткен,
«Көкмайса» – Ұлытаудың бөктерінде.

Шетке қақпас бөгдесін, бөтенін де,
Бұл менің қасиетті мекенім бе?
Көк тасында көкжалдар ізі қалған,
«Көкмайса» – Едігенің етегінде.

Көне тарих сақталған қалыбында,
Ұлт Ұясы атанған анығында.
Көк шалғыннан төсеген көк кілемін,
«Көкмайса» – Хан Ордасы бауырында.

Тон пішу – сырттан қарап, жарамас құр,
Бал қымыз – баға жетпес бағалы ас бұл.
Келіңіздер, көзбенен көріңіздер,
«Көкмайса» – көк сандығы көне дәстүр.

ШЕҢБЕРІМ, МЕНІҢ ШЕҢБЕРІМ!

Сыбызғым – тартар қурайың,
Қырларың – сазды сырнайым.
Шеңберім – Швейцариям,
Дәбейім – менің Дубайым.

Құздағы Кейкі көр ізін,
Күмбездер – Қорқыт қобызым.
Махат сағанасы – мавзолей,
Қараторғай – Қара теңізім.

Даланың сәні белгілі –
Жезкиік, кербез кербұғы.
Арғанаты – алтын ғасырдың,
Керілген алтын белдігі.

Алысқа түскен жарығы,
Әйбат жер еді-ау анығы.
Құдайдың берген байлығы –
Бүлдіргені мен балығы.

ШЕҢБЕР «ШТАТЫ»
Берейін, дос, күшті ақпар,
Тек есіңде ұстап қал..
Америка емес Ұлытауда,
Шеңбер деген «штат» бар.

Шағын ауыл – аты ірі,
Тігілген шаттық шатыры.
Сол «штаттың» мен болғам,
Тұңғыш «губернаторы».

ҮҢГІРГЕ ЖОЛ ТАРТЫЛДЫ

Ұлт тарихын ұрпақтарға ұғындыр,
Жүрген жерде желбіретіп туыңды іл.
Зар заманда Көкжал Құлан Кейкіге,
Қорғасында қорған болған бұл Үңгір.

Қадірлеген елміз ер мен аруақты,
Бастаманы басқалар да қолдапты.
Қиядағы осы Үңгірдің басына,
Ұрпақтары ұлық белгі орнатты.

Істі бастап тәуекелмен буып бел,
Тұла бойды тамшылаған жуып тер,
Салып шықты Үңгірге жол – баспалдақ,
Тауды бұзып, тасты жарып, жігіттер.

Бұрын-соңды болмаған жол мынандай,
Шатқал анау, сақтанбасаң құлардай,
…Кей қонақтар тұрып-тұрып биікте,
Қайтпаушы ма ед «үңгір-үйге» кіре алмай.

Бүгінгі ұрпақ көріп игі шарасын,
Ырза болып, марқайып бір қаласың.
Ұмытпайды ұлты ешқашан білгенім –
Көкжал Кейкі – Көкенбайдың баласын.

Қызылдармен, сарылармен егесте,
Басы кеткен баһадүр ғой… бәрі есте.
Бұл Тас үңгір Ер Кейкінің өзіне,
Өзі соққан ескерткіші емес пе!..