Күн тәртібінде – мезгіл мәселелері
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында өңір үшін маңызды бірқатар сала — спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты қолдау, сондай-ақ геология және жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру және жетілдіру мәселелері қаралды.

Кеңес барысында өңір басшысы тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы мен бұқаралық спортты дамыту үшін облыстың әрбір елді мекенінде заманауи спорт нысандарының болуы маңызды екенін атап өтті. Осыған орай, әкім 2026–2028 жылдарға арналған спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар ауылды жерлерде жаттықтырушы-нұсқаушылардың санын арттыру, жасанды жамылғысы бар футбол алаңдарын орнату жұмыстарын күшейту жөнінде нақты міндеттер қойылды.

Жиын барысында геология және жер қойнауын пайдалану саласына да ерекше назар аударылды. Облыс әкімі бұл бағыт өңірдің ресурстық әлеуетін айқындайтын маңызды сала екенін атап өтіп, қазба байлықтарды тиімді игеру үшін барлау сапасын арттыру және минералды қорларды басқаруды жетілдіру қажеттігін айтты.

Сонымен қатар өңір басшысы пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру деректері анықталған жағдайда тиісті құқық қорғау органдарына жедел хабарлау және мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізуді қатаң тапсырды.
