Баскетболшылар додасы
Ұлытау ауданының спорт кешенінде аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің баскетбол үйірме жетекшісі Айзат ЖЫҢҒЫЛБАЕВАНЫҢ ұйымдастыруымен баскетболдан жарыс өтті.
Бәсекелі сынға 6 команда қатысып, өзара бақтарын сынасты. Спорттық шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу және бұқаралық спортты одан әрі дамытуды көздеді. Тартысты бәсекеде жастар мен мектеп оқушылары тартымды ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің делебесін қоздырды.
Жарыс қорытындысында үшінші орын «Ұлар» командасына бұйырды. Ал, финалда қарсылас танытқан Yung Boys және Nomad TAU әдемі ойын өрнегін көрсетті. Шешуші сәтте Nomad TAU командасы басым түсті. Осылайша, екінші орынды Yung Boys командасы иеленіп, бірінші орынды Nomad TAU командасы еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға дипломдар мен кубок, медальдар табысталды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.