Ұлытау облысында «Менің елім – менің туым» акциясы басталды
Ұлытау облысында «Менің елім — менің туым» акциясы үлкен қолдауға ие болып, түрлі деңгейде патриоттық шаралар ұйымдастырылуда. Жастар ұйымдары мен еріктілердің белсенді қатысуымен бұл бастама аймақтың әртүрлі бөлігінде көрініс тауып жатыр. Мәселен, облыстың орталығындағы басты көшелер мен қоғамдық орындарда мемлекеттік тулар ілініп, тұрғындар арасында патриоттық рухты ояту мақсатында түсіндірме жұмыстар жүргізілуде.
Жергілікті белсенділер мен блогерлер акцияға өз үлестерін қосу үшін әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, өз балкондарына, үйлерінің терезелеріне туды іліп, фотосуреттерімен бөлісуде. Бұл тұрғындардың жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, патриотизмді насихаттау мақсатында жүзеге асырылуда.
Акция Ұлытау облысында ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шараға айналды. Бұл шараның ұйымдастырушылары — «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты.
Өз тілшімізден.