Науқандық жұмыс — қыстың қамы
Қоңыр күз қысқа қамданыс жасайтын қарбалас шақ. Жаз бойғы төккен тер мен еткен еңбектің нәтижесі көрінетін кезең. Осы мезгіл қыр қазағының мал шаруашылығына қажетті жем-шөп қорын дайындау қам-қарекетімен жүретін кезі. Қазір шаруагерлер табиғат берген ырзықты шашау шығармай жинап алуға бар күшін салуда. Таң атқаннан күн батқанға дейін тынымсыз жұмыс істеп жатқан жайлары бар. Әр күнді тиімді пайдалану үшін тапжылмай еңбек етуде. Енді шабылған шөптің қыстақтарға жеткізілуі — басты шарт. Биылғы ерекшелік, шөп бітік шықты. Ылғал мол болуынан шөптің түсімі былтырғыға қарағанда едәуір жоғары. Шөп шығымы жақсы. Елдің тілеген тілегін берді. Бұған ел шүкіршілік десіп отыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Ұлытау ауданында 1260 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады екен. Экспликация бойынша ауданда 11710620 гектар жайылым, 84522 гектар шабындық тіркелген. Ауданның шаруа қожалықтары иелігінде 2828843гектар жайылым 33245 гектар шабындық жер бар. Алдағы қысқа 205 мың тонна шөп дайындау жоспарланыпты.
«Қысқы мал азығын дайындау жұмысына 262 трактор, 144 шөп орағы, 149 тырнауыш, 35 шөп пресі, 100 шөп тиегіш техникалар қатысты. Бір айта кетерлігі, жылдан-жылға мал басы көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде мал азығы қорын көбірек дайындауды қажет етеді. Сондықтан, биыл аудан бойынша 205 мың тонна шөп дайындауды жоспарлаған едік Сол межеден шықтық. Шаруа қожалықтары шөпті құнарлы кезінде шауып, толықтай аяқтады. Ендігі жұмыс – шөп тасу науқаны. Ол да көңілдегідей жүріп жатыр» — дейді аудандық ауыл шаруашылыға бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин.
Бөлім басшысының айтуынша, орталықтағы мал өсіруші тұрғындар да шөптен кенде қалмайтын сияқты .Бекітілгентапсырманың басым бөлігі орындалып, шабылған шөп қыстақтар мен жеке тұрғындар ауласына тасылуда. Шаруагерлердің жеткілікті жем-шөп дайындауы ауыл халқына да үлкен көмек болып тұр. Өңір тұрғындарына шөптің бір тюгі 800 -1000 теңгеден сатылуда.
Жалпы айтқанда, шөп шабу науқаны сәтті аяқталып, шөп тасу жұмысы ойдағыдай өтіп жатыр.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.