Сәулеті келісті мешіт

Ұлытау аймағында ең қасиетті орын саналатын жердің бірі – «Дулығалы мешіті». Бұл сәулетөнері жағынан өзгеше, Бұхара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт. Осы мешітті салдырған Құлмұхамбет ишан. Ал, мешіттің «Дулығалы» аталу себебі өзен атауымен тікелей байланысты. Бір ғажабы, «Талқұдықтан» күн көтеріле немесе күн батарда мешіт тұрған үстіртке қарасаң, сап түзеген дулығалы қалың қолдың сұлбасын байқайсың. Бірақ, бұл – табиғат көрінісі. Бұл екі мезгілде кәдімгі әскер сияқты, бір қарағанда әсер қалдырады. Осыған байланысты жергілікті халық осы жерді «Дулығалы» – деп атап кеткен. Мешіттің «Дулығалы» атануы осымен тамырлас.

Мешіт Ұлытау ауданы орталығынан батысқа қарай 170 шақырым жерде орналасқан. XX ғасырдың басында салынған құрылыс. Тоғыз күмбезді, сыртқы қабырғасы үлкен қызыл кірпіштен, ал ішкі қабырғасы шикі кірпіштен, төбесі тіреусіз, бүріп өріліп тұрғызылған мешіт. Оған он түрлі қалыптағы оюлы қыш кірпіштер пайдаланылған. Кірпіштер өзен жағалауында құйылса керек. Өйткені, өзенге жақын жерде қыш күйдірген пештердің орны осы күнге дейін сақталған. Бұл мешіттің жобасын Құлмұхамбет ишан өзі сызған деседі. Қалай айтсақ та, мешіт архитектуралық жағынан алғанда, біздің өңірдегі құрылыстардан құрылысы өзгеше. Соған қарағанда, сәулетөнері ерекше құрылыс.
Мешіттің жалпы ауданы 360 метр, ұзындығы 23,4 метр, ені 15,4 метрді құрайды. Кіре-беріс есігі оңтүстік – батысқа қарайды. Азан шақыратын мұнарасының биіктігі 7 метр, диаметрі 2,6 метрге дейін барады. Мұнара ғимараты солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Қабырғасының биіктігі 3,5 метр, ірге тасының биіктігі 9 метрге жетеді. Терезелері жерден 1 метр биіктікте орналасқан. Тоғыз күмбездің бірі есік маңдайшасында, бірі мұнараның төбесінде, алтауы үш-үштен ғимараттың екі қанатында және бір үлкен күмбез төбесінің қақ ортасынан орын алған. Осыған қарағанда, мешіт құрылысы бұл өңірге тән емес, сәулетөнері жағынан Орта Азия мешіттерінің салыну үлгісіне ұқсас келеді.
Бір таңқаларлығы, Құлмұхамбет ишан мешіт салушыға сәулетөнерінің бірнеше тәсілін көрсетіп, ұтымды пайдалана білгізген сияқты. Мешітті Құлмұхамбет ишан елге әйгілі хас шебер Талпақ Байтөріұлына салдыртқан. Ал, мешітке кесектерді дайындауға, кірпіштің құйылуына, оның сапалы шығуына ишан өзі араласып, басы-қасында болған деседі. Тіпті, кірпіш қалыптарын ишан өзі жасаған көрінеді.
Негізі, Құлмұхамбет ишан сол кездері қалыппен ою, қыш күйдіру өнерін Ташкенттен үйреніп келген деген деректе бар. Соның нәтижесінде, бұл мешіттің құрылысы аймақтағы басқа мешіттерден өзгешелеу болуы да содан.
Мешіттің жанына ишан 24 бөлмелі медресе салдыртқан. Онда діни сабақтармен қатар жағрафия, есеп негіздері оқытылып, араб тілі үйретілген. Медреседе тәлім алғандардың қатарында Дала комиссары Әліби Жангелдин, 1916 жылғы Торғай көтерілісінің сардары болған Аманкелді Иманов та бар.
Ал, медресені салдыртқан Құлмұхамбет ишан аса діндар әрі он саусағынан өнер саулаған мұсылман елінің ірі діни орталығынан дәріс алған кісі болған деседі. Осыған қарап, ишанды сол заманның зиялылары арасындағы өте дарынды тұлғасы десе де болады.
Әріден айтсақ, Құлмұхамбеттің алғашқы сауатын ашқан әкесі Арыстанбай көрінеді. Бірақ, уақыт өте келе зерделі жеткіншек әкесінен алған білімді місе тұтпай, сауда-саттық жасап жүрген саудагерлермен ілесіп, Араб елінің ордалы медресесінен білім алады. Сөйтіп, он алты жылдай өз туған жерінен жырақта жүріп, білім мен өнерді бойына сіңіреді. Бұдан кейін «қари» және «ишан» дәрежесімен елге оралып, саналы ғұмырында елдің рухани қазынасын кеңейтуге атсалысқан аймақтағы діндар адам ретінде көрінеді.
Бір айта кетерлігі, Дулығалы жерінің тарихтан алар орны айрықша. Соның бірпарасы «Дулығалы» мешітімен байланысты. 1916 жылы Аманкелді сарбаздары бас қосып, осы мешітте үлкен жиын өткізген. Содан бері бұл жер Аманкелді сарбаздарының серттескен тарихи орны болып саналады. Осында құрбандыққа ақбас қошқар шалынып, өңірдің абыз ақсақалдары сардар соңынан ерген сарбаздарға ақ батасын берген деседі. Сол жолы Қайдауыл болысының қару ұстауға жарайтын ел азаматтары ту көтеріп, «Әруақ!» деп атқа қонған екен. Осы туралы ауыл ақсақалдары бүгінгі күнге дейін осы жайтты аңыз қылып айтады. Әсіресе, Аманкелді Имановты елге сардар ретінде танытқан жер – осы «Дулығалы мешіті». Қарап отырсақ, мешіт өз дәстүрін, өз міндетін атқарып қана қоймай, елдік сынға түскен сәтте халыққа рухани қуат берген қасиетті мекен ретінде тарихтан орын алады.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.