Қасірет құрбандарына – ұрпақ құрметі
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн барша қазақ жұрты үшін тарихи мәні терең күн болып саналады. Қазақ тарихындағы ең бір күрделі, ең бір ауыр кезеңдерді еске түсіретін бұл күн – қанқұйлы саясаттың қыспағынан қапыда мерт болған азаматтарды жоқтайтын күн.

Осыған орай, аудан орталығындағы «Тағзым» тақтасы орналасқан «Бес арыс» саябағында қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған жиын өтті. Ізгі ниетті шараға аудан орталығының тұрғындары қатысып, жазықсыз жапа шеккен боздақтардың рухына тағзым етті.
Жиынды жүргізуші Төрегелді Орын аштық, репрессия жылдарындағы адам төзгісіз ауыртпалықтар мен ұлт басына төнген нәубет жылдарды еске түсіріп, бір минут үнсіздік жариялады.
Бұдан кейін саябаққа жиналған қауым алдын аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташенов бастап, «Тағзым» тақтасы алдына гүл шоқтарын қойды.
Сауапты шарада Ұлытау ауданының бас имамы Жанболат Рақымбердиев қасірет құрбандарының рухына дұға бағыштап, құран аятымен нұрландырды.
Азалы жиын соңы бұқараның «мұндай қасірет қайталанбасын, ұрпағымыз зобалаң алапатты көрмесін» деген дұға-тілектерімен түйінделді.
