Жасөспірімдер ерледі

Жақында Жезқазған қаласының «Ұлытау» спорт сарайында қазақ күресінен өткен ашық біріншілікте Аманкелді ауылының жасөспірімдері жүлделі орындардан көрініп, ел мерейін асқақтатты. Аталған жарыстың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру, ұлттық спорт түрі – қазақ күресімен айналысушылардың шеберлігін шыңдау. Осы мақсатта ұйымдастырылған жарысқа Жезқазған қаласының дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің төрешілері төрелік етті.

Дүбірлі додаға 2014-2015, 2016-2017 жылдары туған жасөспірімдер қатысып, он екі түрлі салмақ дəрежесінде бақ таластырды. Бəсекелі сынға сексенге жуық жас балуан қатысты. Оның бесеуі Аманкелді ауылынан болды.
Екі күнге созылған боз кілемдегі белдесуде Аманкелді ауылының №3 жалпы білім беретін мектебінің жас өрендері жеңіс тұғырынан көрінді. Екеуі қарсыластарына шамалы ғана есе жіберіп қойғаны болмаса, үшеуі жеңіске жетіп, жүлдегерлер қатарына ілікті.
Тарқатып айтсақ, 26 келі салмақта Мирас Мұратұлы екінші орынды жеңіп алды. 36 келіде күш сынасқан Əлихан Айдосұлы екінші орынды еншіледі. Ал, 42 келі салмақта белдескен Бертəңір Бақтыгелдіұлы үшінші орынға тұрақтады.
Олардың бапкері №3 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пəні мұғалімі Алмат Қанатұлы. Ол ауыл балаларына қазақ күресінің қыр-сырын меңгертуде орасан еңбек сіңірді. Шəкірттерінің облыс орталығынан жүлдемен оралуы – соның айғағы. Оған сөз жоқ! Бұл жаттықтырушының төгілген тері, ерен еңбегінің жемісі.
Жасөспірімдердің жеңісі – Аманкелді ауылының қуанышы ғана емес, ұлт ұясы – Ұлытаудың абыройы.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.