Төрт команда — төрт жеңіс
Ауылдан шыққан жас спортшылардың облыстық додада топ жарып, бірнеше спорт түрінен үздік нәтиже көрсетуі – аудан спорты үшін қуанышты жаңалық. Жақында Ұлытау ауданының жас спортшылары Жезқазған қаласында өткен «Ауыл спорты – 2026» облыстық өңірлік турнирінде жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіспен оралды.

21–24 қыркүйек аралығында ұйымдастырылған жарыста Ұлытау ауданының намысын баскетболдан қыздар мен ұлдар, волейболдан қыздар және футболдан ұлдар командалары қорғады. Төрт команда да қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды.
Жас спортшыларды жеңістерімен құттықтау мақсатында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков оларды қабылдап, спорттағы жетістіктеріне ризашылығын білдірді. Кездесу барысында балалардың жарыс жолындағы табандылығы мен жүйелі дайындығы атап өтіліп, олардың жетістігіне жаттықтырушылардың еңбегі де зор екені айтылды.
– Жеңіс – бір күндік еңбектің нәтижесі емес. Оның артында күнделікті жаттығу, тәртіп пен өз күшіңе деген сенім бар. Сіздердің жетістіктеріңіз – ауданымыздағы спорттың дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында жеңімпаз спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына сый-құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.
Жас спортшылардың бұл жеңісі ауыл балалары арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып, жаңа биіктерге ұмтылған өрендерге серпін берері сөзсіз. Бүгінгі жеңімпаздардың қатарынан ертең ел намысын қорғайтын спорт шеберлері шығуы бек мүмкін.
Өз тілшімізден.
