Жанкелдінің жаңа мүмкіндіктері
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ әр Жолдауында ауылды дамыту мәселесін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Мемлекет басшысы «Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, халықтың тұрмыс сапасын арттырудың және ұлттық экономиканы әртараптандырудың маңызды кепілі» екенін бірнеше мәрте атап өтті. Бұл – жай ғана міндет емес, елдің болашағына бағытталған нақты стратегиялық ұстаным.

Осы саясаттың нәтижесі еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын мысалының бірі – Жанкелді ауылдық округі. Ауылда инфрақұрылым жаңарып, әлеуметтік нысандар салынып, кәсіпкерлік дамып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Инфрақұрылым – дамудың негізі
2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Жанкелді ауылдық округінде 580 тұрғын тіркелген. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 284 адам. Бұл ауылдың еңбек әлеуетінің сақталғанын және даму мүмкіндігінің жоғары екенін көрсетеді.

Биыл ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жабық футбол алаңының құрылысына 74,7 млн теңге, еңбек күші ұтқырлығы бағдарламасы аясында көшіп келетін отбасыларға арналған екі пәтерлі тұрғын үй сатып алуға 51 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар ішкі көшелерді күтіп ұстауға және ауыз сумен қамтамасыз етуге қажетті қаржы қарастырылды.
Қазіргі таңда жабық футбол алаңының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мердігер – «Горный строй ЛТД» ЖШС. Нысанның тамыз айында пайдалануға берілуі жоспарланған. Бұл ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, бұқаралық спорттың дамуына үлкен мүмкіндік береді.
«Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы бойынша қызметтік тұрғын үй салу жұмыстары да жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Жер құжаттары толық рәсімделіп, құрылыс жұмыстары басталды. Жоба қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.
Алдағы уақытта саябақты абаттандыру мен көше жарықтарын жөндеу де қолға алынбақ. Жобалардың сметалық құжаттары дайын. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда бұл жұмыстар ауылдың көркін одан әрі келістіріп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасайды.
Ауыл шаруашылығы – экономиканың қозғаушы күші
Президент ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, өнім көлемін көбейту және ауыл тұрғындарының табысын өсіру жөнінде нақты тапсырмалар беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Жанкелді ауылында да өз нәтижесін беруде.
Ауыл халқы үшін мал шаруашылығы мен жеке қосалқы шаруашылық негізгі күнкөріс көзі болып қала береді. Жеке шаруашылықтардың дамуы ауыл экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде.
Сонымен қатар кәсіпкерлік саласында да оң өзгерістер байқалады. Бүгінде ауылда үш шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. «Кәусар», «Гүлзира» дүкендері мен «Кәусар» тойханасы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде.

Биыл жеке кәсіпкер Бақытгүл Жакетаева екі қабатты жаңа азық-түлік дүкенінің құрылысын бастады. Жаңа нысан қазан айынан бастап халыққа қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Бұл – ауылдағы сауда қызметінің сапасын жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беретін маңызды жоба.
Ауыл шаруашылығын дамыту – тек өнім өндіру ғана емес. Ол ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына, халық табысының өсуіне, жастардың туған жерде тұрақтап еңбек етуіне жол ашады. Сондықтан ауыл экономикасын әртараптандыру – уақыт талабы.
Әлеуметтік тұрақтылық – басты байлық
Жанкелді ауылдық округінде әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты жүзеге асырылуда. Бүгінде ауылда І, ІІ және ІІІ топтағы 24 мүгедектігі бар азамат тұрады. Алтын және күміс алқа иегері 19 көпбалалы ана бар.
Қуаныштысы – ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатын және кедейшілік шегінен төмен өмір сүретін отбасылар жоқ. Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар саны небәрі үш адамды құрайды. Бұл халықтың жұмыспен қамтылу деңгейінің жақсы екенін көрсетеді.
Жергілікті билік ауыл тұрғындарымен тұрақты байланыс орнатқан. Қоғамдық кеңес пен Ақсақалдар кеңесінің ұсыныстары ескеріліп, ауылдағы мәселелер бірлесіп шешілуде. Жыл басынан бері тұрғындардан түскен барлық өтініштер заң талаптарына сәйкес қаралып, жауап берілді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында 100 түп ағаш отырғызылып, «Бұланты» кешенінде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Мұндай бастамалар туған жерге деген жанашырлықты арттыра түседі.
Білім беру саласында да игі істер жалғасуда. Биыл демеушілердің қолдауымен №17 Байқоңыр орта мектебінде ардақты ұстаздар Жұмабай Әбілов пен Гүлназия Байұлованың есімі берілген жаңа кабинеттер ашылды. Бұл – ұстаз еңбегіне деген құрметтің және өскелең ұрпаққа өнеге көрсетудің жарқын үлгісі.
Мәдениет үйі мен ауыл кітапханасы тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Мәдениет үйінің сыртқы бөлігіне ағымдағы жөндеу жүргізуге қаржы бөлініп, жұмыстардың биыл аяқталуы күтілуде.
Ел дамуы ауылдан басталады
Жанкелді ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар Президент белгілеген даму бағытының нақты көрінісі деуге толық негіз бар. Инфрақұрылымның жаңаруы, кәсіпкерліктің дамуы, әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы, жастарға арналған жаңа спорт нысандарының салынуы – ауылдың ертеңіне деген сенімді күшейтеді.
Ауылдың әлеуетін көтеру – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Бірлік пен еңбек бар жерде береке болады. Жанкелді ауылында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар осының айқын дәлелі.

Ауыл өркендесе – елдің экономикасы нығаяды, халықтың әл-ауқаты жақсарады, ұлттық құндылықтар сақталады. Сондықтан ауылды дамытуға бағытталған әрбір жоба – Қазақстанның жарқын болашағына салынған инвестиция.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

