Еңбегі есімін елеулі еткен Бақытжан Әбілғазин туралы бір үзік сыр
«Әр адам бірін-бірі қайталамайтын, жеке дара құбылыс» деп жатады. Бұл рас та шығар. Сондай өзгені қайталамайтын дара болмысты жігіт Бақытжан Әбілғазин дер едім. Ол атакәсіпке адалдық танытқан шаруа иесі. Қашан көрсең де, сөзімен де, ісімен де өзгелерден шоқтығы биік тұратын білімді азамат.

Мақалаға арқау болып отырған Бақытжан Нұрсапаұлы Ұлытау ауданы, Аманкелді ауылында 1973 жылдың 14 қарашасында дүниеге келген. Әкесі – Нұрсапа Әбілғазыұлы ұзақ жыл Сарлық ауылында аға шопан болған. Ал, анасы – Биғайша 11 бала тәрбиелеп өсірген «Батыр ана» болатын.
Сондай еңбек адамдарының ұрпағы Бақытжан туралы сыр шертсек… Ол орта мектепті Аманкелді ауылында оқыды. Мектеп бітірсімен Усабай қыстағында әкесіне көмекші шопан болып, алғашқы еңбек жолын бастады. Тәуелсіздік алған жылдарында Қазақстанның Қарулы Күштері қатарында болды. Әскери борышын өтеп елге келген соң, жоғары оқу орнына түсті. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің «ветеринариялық медицина» факультетінде білім алып, үздік дипломмен бітірді. Сол университеттің жанындағы әскери кафедрасында оқып, «мотоатқыштар взводының командирі» мамандығын, капитан шенімен қоса алып шықты.
Міне, осы кезең Бақытжанның білімге құштарлығын байқатты. Университетте үздік оқыды. Спортқа да бейім болды. Бозкілемде талай рет бағын сынады. Жеңіс тұғырынан көрінді. Соның нәтижесінде самбодан ҚР Спорт шеберлігіне үміткер, қазақ күресінен бірінші дәрежелі спортшы атанды.
Уақыт өте келе Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институтының аспирантурасын бітірді. Ғылымға келуі 2002 жылдан басталады. Содан 2005 жылға дейін Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институтында қызмет етіп, ғылыми қызметтің барлық сатыларынан өтті.
Осы жылдары мал шаруашылығына жүргізілген зерттеулер нәтижесінде «Ұлытау өңірінің шаруа қожалықтарында «Қарғалы» қошқарларын ерте пайдалану» тақырыбында диссертациясын сәтті қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды. Кейіннен 2005-2008 жылдары ҚР АШМ мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығының докторантурасында оқып, ғылым жолындағы білімін жетілдіре түсті. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығына байланысты көптеген еңбектер жаза бастады. Қазір 50 шақты ғылыми еңбектің авторы.
Ізгілік пен адамдық қасиеттерді бойына сыйдыра білген Бақытжанның өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Онысы бастаған ісін шеберлікке жеткізгенше шыңдай беретін қасиеті дер едім. Мұнысы шаруашылығын өркендету жолындағы еңбегінен көрініп-ақ тұр. Бүгін ол аудандағы «Қарғалы» қой тұқымын жетілдіріп отырған іргелі шаруа қожалығының басшысы. Бозбала шағында ғылыммен айналысқан Бақытжан бүгінгі күні нәпақасын осы асыл тұқымды қой шаруашылығынан тауып отыр.
Қарап отырсақ, асыл тұқымды қой өсіруінің өзі жеке бір әңгіме. Тарих десе де болады. Әңгімені әріден бастасақ. Бұл – 2002 жылдың күзі болатын. Бақытжанның алға қойған мақсаты асыл тұқымды қой өсіру еді. Сол арманы осы жылы орындалды.

Алматыдағы Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институтынан ұяң жүнді құйрықты 3 бас қошқарды ағасы Батырәлі екеуі сатып алып, Жигулимен ауылға алып келеді.
Сол жылы Қарағанды облысы Нұра ауданының Изенді ауылына қарасты «Отқанжар» шаруа қожалығынан «Қарғалы» қой тұқымынан 13 бас қошқарды және сатып алады. Мұның барлығына қаржыны өз қалтасынан шығарады. Әкелген қошқарларын шаруа қожалығындағы отарға әкеп қосады. Осылайша, ауданда асыл тұқымды қой шаруашылығы дамыды. Оған Бақытжанның маңдай тері, еңбегі барын ел-жұрт біледі.
Ол қаншама бейнет көргенімен, «Қарғалы» қой тұқымын өсіріп жетілдірді. Дамытты, көбейтті. Ұлытау өңірінде асыл тұқымды қой шаруашылығын тұңғыш рет осылай ұйымдастырды. Сол кезде оның атакәсіпке деген еңбекқорлығы өзгелерге үлгі болды. Бірақ, асыл тұқымды қой өсіру оңай болған жоқ. Бұл жұмыстар оның табандылығы мен іскерлігінің арқасында іске асты. Бүгін ол сонау 90 жылдары әке салған сүрлеу жолды әрмен қарай жалғастырып, ата кәсіптің тай қазанын табыспен тасытып отырған абзал азамат.
Тағы бір айта кетерлігі, Бақытжанның елге қамқорлығы, жомарттығы көпшілікті сүйсінтіп отыр. Жақында ғана Аманкелді мектебінің үздік оқушыларына өз қаражаты есебінен әрқайсысына 50 мың теңге құрайтын төрт шәкіртақыны тағайындап табыстады. Бұл жас ұрпаққа деген қайырымдылығының белгісі.
Осы мақаланы жазу барысында Бақытжанның іскер азамат екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Әсіресе, адами қасиетіне, адамгершілігіне тәнті болдым. Оның сөзі мен ісінде алшақтық жоқ. Жұмысында жүйе бар. Нәтиже бар.
Қазір ол Аманкелді ауылына қарасты «Әбілғазин Б» шаруашылығын дамытып, өркениетті елдің көшіне ілестіріп отырған шаруа қожалығының егесі. Саналы ғұмырын, бар күш-жігерін мал шаруашылығына сарп еткен ғалым. Міне, осылай ғылым мен еңбекті қатар ұштастырған күрмеуі мол тірліктің кедергілерінен сүрінбей өтіп, тек азаматқа тән табандылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Бақытжан қожалық жұмысын жақсы жолға қоя білді.
Мал өсірді. Қазір бір отар қойы, үйір-үйір жылқысы бар. Соны қанағат етіп өмір сүріп отырған жайы бар. Еңбегі де бағаланып, ауыл шаруашылығы саласының республикалық, облыстық деңгейдегі Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталған. ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері.
Тізе берсек, Бақытжан Нұрсапаұлының өңірге сіңірген еңбегі бір кітапқа жүк боларлық дүние. Ол туралы айтарымыз да, жазарымыз да көп, оның азаматтық болмысы өз алдына бөлек әңгіме. Әйтсе де, елдің алғысын алып, абыройға бөленіп отырған Бәкеңнің еңбекқорлығын тоқсан ауыз сөзбен, тобықтай түйген болдық.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.

