ЖҮРЕККЕ ЖҮК АРТПА

Коронарлық шунттау операциясы МӘМС есебінен жасалды
Уақытша күш-жігерді еселейтін энергетикалық сусынның зардабы сан соқтырған жағдай Жезқазған қаласында тіркелді.

Шөлімді қандырамын, шаршағанымды басамын деп күніне бірнеше шөлмек сергіткіш ішкен Джамал Гурбанов жүрегі қысылып ауруханадан бірақ шықты. Тыныс алуы нашарлап, қара тер сауғалаған пациентті абырой болғанда жедел жәрдем қызметі медициналық орталықтың жансақтау бөліміне қас қағым сәтте жеткізген.
–«Алтын сағат» қағидаты бойынша біз пациентті ЭКГ-ге түсіріп, 10 түрлі анализ алдық. Осылайша, миокард инфарктісі диагнозы қойылып, ангиографтың көмегімен дереу ота жасалды. Арнасы әбден бітеліп қалған тамырды кеңейту үшін стенд қойдық. Осылайша, жүрек жұмысы қалыпқа келген пациенттің барлық қиыншылығы артта қалды, – деген реаниматолог Жасұлан Искаков энергетикалық сусындардан, темекі мен алкогольден бас тартуға, дұрыс тамақтануға кеңес береді. Сонымен бірге, дәрігер тұрақты дене белсенділігі, жүрек-тамыр жүйесі аурулары болған кезде кардиологқа жүйелі түрде қаралу арқылы дерттің алдын алуға болатынына назар аударды.
–Энеретикалық сусындар ауруға душар етеді дегенді жиі естісем де мән бермей келдім. Аурухана кереуетіне танылғанда ғана өткеніме көз жүгіртіп, жіберген қателігімді түсіндім. Жүрекке салмақ салған сусындар әуеліде мені сергітті. Бара-бара ұйқымды қашырды. Жүрегім жиі соғып, сәл қимылдасам ентігетін жағдайға жеттім. Сонда да энергетиктің кесірі екенін мойындамадым. Соңы өте қайғылы жағдайға әкеле жаздады. Дәрігерлердің Ақ халаттылардың арқасында ғана аман қалдым – деген 41 жасар Джамал Гурбановты енді ұзақ уақытты талап ететін оңалту курсы күтеді.
Инфаркт жас талғамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеген пациенттің отасы мен оңалтуы МӘМС есебінен жүргізілетінін айта кеткен жөн. Қараша айының он күндігінде жедел миокард инфарктісі диагнозымен шұғыл және жоспарлы түрде түскен 16 пациентке тегін ота жасалған.

Диана ОРАЗАЛИНА.