Жылыту маусымы — жауапты кезең

Қыс қашанда қамды қажет етеді. Әсіресе жылу маусымы басталған тұста қазандықтардың дайындығы, тұрғын үйлердің жылу жүйесі, электр мен су желілерінің қалыпты жұмысы – елді мекен тіршілігінің ең маңызды мәселелерінің бірі. Қыс ортасында қандай да бір ақау шығып, тұрғындар жылусыз қалмауы үшін дайындық жұмыстарының алдын ала жүргізілуі аса маңызды.

Осы орайда жылу маусымына дайындықтың барысын білу үшін ауданның Жолаушылар тасымалы, тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы Ернұр Еділбаевқа жолыққан едік.
Оның айтуынша, 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына аудан бойынша жоспарлы дайындық жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік нысандардың барлығы қысқы кезеңге әзірленген. Алдағы маусымда аудан аумағында 28 автономды жылыту жүйесі жұмыс істеп, 60 әлеуметтік-мәдени нысан жылумен қамтылады.
Бұл нысандардың қатарында 24 білім беру, 18 денсаулық сақтау, 16 мәдениет және 2 спорт нысаны бар. Бүгінде олардың барлығы дайындық паспорттарын алған. Яғни, әлеуметтік нысандар бойынша дайындық көрсеткіші – 100 пайыз.
– Жылу маусымына дайындық барысында әлеуметтік нысандарға ерекше мән берілді. Бүгінде 60 нысанның барлығы қажетті дайындықтан өтті, – дейді Ернұр Еділбаев.
Тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Ұлытау селосында екі автономды жылыту жүйесі арқылы алты көпқабатты тұрғын үй жылытылады. Жылу маусымына дайындық кезінде Жамбыл көшесі, 16А мекенжайындағы тұрғын үйге модульді қазандық орнатылып, Тайжан көшесіндегі қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілді. Тайжан көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйлердің жылу қазандығын жөндеуге 45 млн 147 мың теңге жұмсалған. Жұмысты «ПМК-2011» ЖШС атқарған. Ал Жамбыл көшесі, 16А мекенжайындағы тұрғын үйге жаңа жылу қазандығын орнату жұмысына 16 млн 200 мың теңге қарастырылып, оны «Алекс 2050» жеке кәсіпкерлігі орындаған.
Қысқы кезеңде жылудың тұрақты берілуі электр желілерінің жағдайына да тікелей байланысты. Осыған орай аудан аумағындағы 28 шақырым электр желісіне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып, жұмыс толық орындалған.
Коммуналдық инфрақұрылымның тағы бір маңызды бөлігі – ауыз су желілері. Аудан бойынша олардың жалпы ұзындығы 88,5 шақырымды құрайды. Жылу маусымына дайындық аясында 15,6 шақырым ауыз су желісін жөндеу жоспарланып, бұл көрсеткіш те толық орындалды.
Сонымен қатар Пионер, Сарлық және Қоскөл ауылдарындағы ауыз су құбырларын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Пионер ауылындағы жобаның құны 215 млн. 988,5 мың теңгені құрайды. 2025 жылы басталған жоба биыл аяқталмақ. Сарлық ауылындағы қайта құру жұмыстарына 323 млн. 114,6 мың теңге қарастырылған. Мұндағы жұмыстар да биыл аяқталады. Ал Қоскөл ауылындағы жоба 292 млн. 88,2 мың теңгеге бағаланып, оны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
– Қысқа дайындық тек қазандықтарды әзірлеумен шектелмейді. Электр, ауыз су, кәріз желілерінің де ақаусыз жұмыс істеуі маңызды. Сондықтан коммуналдық жүйелердің барлығын қатар қамтуға тырыстық, – дейді мекеме басшысы.
Аудан бойынша кәріз желілерінің ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Оның 29 шақырымы Ұлытау селосында, 5 шақырымы Жезді кентінде орналасқан. Биыл 150 метр кәріз желісіне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып, жұмыс толық аяқталған.
Ал қысқы маусымдағы ең басты қажеттіліктің бірі – отын қоры. 2026-2027 жылдардағы жылу маусымына аудан бойынша барлығы 23 мың 425 тонна көмір қажет. Оның 16 мың 300 тоннасы тұрғындарға, 7 мың 125 тоннасы әлеуметтік-мәдени нысандарға арналған.
Әлеуметтік нысандарға қажетті көмірді жеткізу жұмыстары қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бүгінгі таңда қажетті 7 мың 125 тоннаның 5 мың 95 тоннасы тасымалданған. Бұл – жалпы қажеттіліктің 71 пайызы орындалды.
Жылу маусымына дайындықта атқарылған жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – қысқы кезеңді тұрақты өткізуге бағытталған. Қазандықтың дайындығы мен көмір қоры ғана емес, электр желісінің бүтіндігі, судың үздіксіз берілуі, кәріз жүйесінің қалыпты жұмысы да тұрғындардың қысқы тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді.
Сондықтан қыс түскенге дейін атқарылатын әр жұмыстың өз салмағы бар. Бүгінгі дайындық – ертеңгі жылы жай мен қалыпты тіршіліктің кепілі.

Альмира ОСПАН.