Таза табиғат – ортақ игілік
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілікке бар ынтамен қатысқан аудан орталығындағы Сәтбаев көшесі тұрғындары өнімді еңбек үлгісін танытты.

Нәтижесінде, қоршаған ортаны көркейту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Село іргесіндегі ашық алаңдар мен сай-салалар қоқыс қалдықтарынан тазартылды.
– Бұл акция тағылым үлгісі. Оның түпкі мақсатын түсіне білуіміз керек. «Таза Қазақстан» бастамасы сол жауапкершілікті жете сезінуге, халықты табиғатпен етене жақындастыруға бағытталған. Себебі, табиғат – біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан, баршаңызды осы бастаманы қолдап, өз көшелеріңізді, аулаларыңызды таза ұстауға шақырамыз, – дейді көше тұрғыны Айгүл Қауынбайқызы.
Көше тұрғындарының айтуынша, олардың мақсаты – аудан халқын қоршаған ортаны қорғауға үндеу, табиғатқа қамқорлық жасауды өмір салтына айналдыру.
Жалпы, Сәтбаев көшесі тұрғындарының тазалыққа деген талпынысы көңіл қуантарлықтай. Олардың бірлесіп өткізген тазалық жұмыстары оң нәтиже беріп келеді.
Қорыта айтқанда, көше тұрғындары шынайы бірліктің үлгісін көрсете білді. Сенбілік барысында 50 қапшық қоқыс жиналып, арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Бұл – Сәтбаев көшесі тұрғындарының туған жерге жасаған қамқорлығы, атқарған еңбегінің нәтижесі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
