«Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 60 шақырымы жөнделіп жатыр

Ақмола облысында республикалық маңызы бар «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жөндеу жұмыстары 490–536 және 551+800–565+831 шақырым аралықтарында жүргізіліп жатыр. Учаскелердің жалпы ұзындығы – 60 шақырым.

Жөнделіп жатқан учаскелерде суық жону (ресайклинг) әдісімен негіздің жоғарғы қабаты нығайтылды және ірі түйіршікті асфальтобетон қоспасынан жабынның төменгі қабатын салу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар 18 шақырымда ұсақ түйіршікті асфальтобетон қоспасынан жабынның жоғарғы қабаты төселді.

Қазіргі уақытта су өткізу құбырларын орнату жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл жол төсемінің сақталуын қамтамасыз етіп, судың тиісті деңгейде ағуына мүмкіндік береді.

Жобаға 18 бірлік жол-құрылыс техникасы мен 29 маман жұмылдырылған. Жұмыстар сағатына 130 тонна асфальт өндіретін зауыттың және тәулігіне 1,8 мың тоннаға дейін қиыршық тас өндіретін стационарлық ұсату-сұрыптау кешенінің көмегімен атқарылуда.

Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдың көлік пайдалану көрсеткіштері жақсарып, қозғалыс қауіпсіздігі артады және жүргізушілер мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай қалыптасады.