Шәкіртақылар саны ұлғая түсті
Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы – «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ахат Құрмансейітовтің №3 Аманкелді ЖББОМ үздік оқушыларына өз қаражаты есебінен әрқайсысының сомасы 50 мың теңгені құрайтын екі арнаулы шәкіртақы тағайындап, «Соңғы қоңырау» салтанатында тұрақты негізде тапсырып келе жатқаны көзіқарақты қауымға жақсы мәлім.

Осынау жағымды үрдіс биылғы жылы үшінші мәрте жарасымды жалғасын тауып, Баубек Бұлқышев пен Камал Смайылов атындағы шәкіртақылар аталған білім ошағының үздік оқушылары Айкүн Хасен мен Мырзайым Қодарға табыс етілді.
Аудандық өкілді органның төрағасы өткен жылы №9 Терісаққан мектебінде оқу жылының аяқталуына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысу сәтінде қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры, этнограф Мейрам Жанайдаров атындағы стипендия (сомасы – 50 мың теңге) тағайындайтынын жария еткен болатын. Биылғы жылы мектептің педагогикалық кеңесінің ұйғарымына сәйкес, білім ошағының үздік оқушысы Құндызай Нұрпейісқызы шәкіртақының тұңғыш иегері атанды.
Аталған стипендияларды атаулы күні салтанатты шараларға қатысқан, ауданның басшылық құрамының ресми өкілдері – аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жомарт Асанәлі табыс етті.
Бұдан тысқары, Ахат Құрмансейітұлы былтырғы жылы талантты ақын, танымал журналист, шығармашыл жастардың шынайы жанашыры бола білген марқұм Сайлаухан Нәкеновтің туғанына 85 жыл толуына орай, Жезқазған гуманитарлық колледжінде «Ұлар» әдеби клубы (жетекшісі – Абай Ораз) ұйымдастырған еске алу шарасы барысында өз қаражаты есебінен «Ұлытау жыршысы» атануға лайықты тұлға атындағы жыл сайын тұрақты түрде тапсырылатын стипендия (сомасы – 50 мың теңге) тағайындау туралы шешім қабылдағанын айтқан еді.
Тиісті қаржы мен арнайы сертификатты жуырда Жезқазған қаласында өткен «Кеңгір керімсалы» поэзия фестивалі аясында гуманитарлық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлдана Берікке ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанат Әбдіғожин табыстады.
Сонымен қатар, биылғы жылы №2 Қорғасын ЖББОМ-дегі «Соңғы қоңырау» салтанатына арнайы барып қатысқан мәслихат төрағасы осы ауылда өнегелі ғұмыр кешіп, соңдарында саналы ұрпақ қалдырған ерлі-зайыпты аяулы жандар – мемлекеттік қызмет ардагері Нұриден Сұлтанұлы мен «Ел анасы» атанған Болтай (Гүлсара) Құрмансейітқызы атындағы шәкіртақы тағайындайтынын мәлімдеді. Бұл стипендия келер жылдан бастап, оқу үдерісі аяқталатын тұста аталған мектептің ең үздік оқушысына тапсырылуы тиіс.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.
