Құрылтай жаңа саяси модельдің негізгі институттарының біріне айналады
Осы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа Конституция толық күшіне енеді. Соған сәйкес елде жаңа саяси модель қалыптасады.

Ата заң күшіне енгеннен кейін Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойылады. Сайлау 2026 жылдың тамыз айына жоспарланған.
Негізгі өзгерістердің бірі – Құрылтай депутаттары өкілеттігінің кеңеюі. Жаңа нормалар парламенттік бақылауды күшейтуге және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған.
Құрылтай депутаттары Премьер-Министрдің есебін тыңдап, министр лауазымдарына ұсынылған кандидатураларды талқылайды. Сондай-ақ Үкімет мүшелерінің есептерін қарап, қажет болған жағдайда сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы.
Бұдан бөлек, Құрылтай бірқатар маңызды мемлекеттік лауазымдарға тағайындауларға келісім береді. Олардың қатарында Вице-президент, Премьер-Министр, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері және Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері бар.
Жаңа саяси модель Үкіметтің халық алдындағы есептілігін күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесіндегі депутаттардың рөлін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
