Өрт сөндіру бекеті ашылды
Ұлытау ауданының даму жоспарына сәйкес, Борсеңгір және Ақтас ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылды. Өрт сөндіру бекеті ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел жауап беру мақсатында маңызды қадам болып отыр.
Жаңа өрт сөндіру бекеттері жергілікті бюджет есебінен толық материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жабдықтарға су құятын бөшкелер, тіркемелер, бүріккіштер және өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдері кіреді.Өрт сөндіру бекеттерінің ашылуы жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарын құруға да септігін тигізді.
Бекет жауынгерлері тек өртке ғана емес, жауапкершілік аймағында болып жатқан басқа да төтенше жағдайларды жоюға, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге бағытталады.Айта кететін жағдай, қазіргі уақытта аудан бойынша 12 елді мекенде өрт сөндіру бекеттері құрылып, өз жұмысын атқаруда. Алдағы уақытта аудан бойынша өрт сөндіру бекеттерінің материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып, қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылатын болады. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін одан әрі нығайтуға бағытталған.