Ұлытаудың брендіне айналған этнофестиваль
Ұлытау өңірі соңғы жылдары ұлттық мәдениетті ұлықтау мен этнотуризмді дамыту бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың ішінде ерекше орын алатын мәдени шаралардың бірі – «Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі. Биыл 27 маусым күні Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылы маңындағы Толағай тауының етегінде өтетін фестивальге 10–15 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.

Бұл мереке жай ғана концерттік бағдарлама немесе халықтық серуен емес. «Көкмайса» – қазақ халқының көшпелі өркениетін, жылқы мәдениетін, салт-дәстүрі мен дүниетанымын жаңғыртатын бірегей мәдени алаң. Бүгінде ол Ұлытау облысының туристік брендіне айналып, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келетін қонақтардың қызығушылығын арттырып отыр.
ТЕРІСАҚҚАННАН БАСТАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ДӘСТҮР
«Көкмайса» фестивалінің түп-тамыры 2012 жылдары Ұлытау ауданының Терісаққан ауылында өткізіліп келген «Терісаққан көктемі» этнофестивалімен тығыз байланысты. Аталған фестиваль қазақ халқының көктемгі дәстүрлі мерекелік рәсімдері – «бие байлау», «айғыр қосу» және «қымызмұрындық» салттарын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып келді.
Көшпелі қазақ қоғамында бұл рәсімдердің маңызы ерекше болған. Қыстан аман шыққан ел жазғы тіршілікке көшіп, бие байлап, алғашқы қымыз дайындалған кезең үлкен мереке ретінде аталып өткен. Бұл тек шаруашылық науқанының басталуы ғана емес, ауыл-аймақтың басын қосатын, береке мен бірлікті дәріптейтін рухани құндылық саналған.
Тарихшылардың пікірінше, қазақтың жылқыға қатысты салттары ұлттың мәдени кодын сақтап қалған маңызды мұралардың бірі. Сондықтан да бұл дәстүрлерді жаңғырту ұлттық болмысты сақтаудың тиімді тетігі ретінде қарастырылады.
ЮНЕСКО МОЙЫНДАҒАН МӘДЕНИ МҰРА
Қазақ халқының жылқы шаруашылығына қатысты көктемгі мерекелік рәсімдерінің тарихи маңызы халықаралық деңгейде де мойындалды. 2015 жылы «бие байлау», «айғыр қосу» және «қымызмұрындық» дәстүрлері Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы элементтерінің ұлттық тізіміне енгізілді. Ал 2018 жылдың қараша айында бұл рәсімдер ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне «Қазақ жылқы өсірушілерінің дәстүрлі көктемгі мерекелік рәсімдері» атауымен енгізілді.
Бұл шешім қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан жылқы мәдениетінің әлемдік өркениеттегі орнын айқындап берді. Сондықтан «Көкмайса» фестивалін тек жергілікті мәдени шара ретінде емес, халықаралық маңызы бар мәдени мұраны дәріптейтін алаң ретінде қарастыруға болады.
ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары әлемде этнотуризмге деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Туристер тек табиғатты тамашалаумен шектелмей, белгілі бір халықтың өмір салтын, дәстүрін, тағамын және мәдениетін жақыннан тануға ұмтылады. Осы тұрғыдан алғанда «Көкмайса» фестивалі Ұлытау облысының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба саналады.
Фестивальдің айрықша ерекшеліктерінің бірі – оны ұйымдастыруға Ұлытау облысының әкімдігімен қатар танымал «Nomad Explorer» саяхатшылар тобының қатысуы. Бұл ұйым Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау және ішкі туризмді дамыту бағытында ұзақ жылдар бойы жұмыс жүргізіп келеді. Мамандардың пікірінше, осындай әріптестік фестивальдің танымалдығын арттырып қана қоймай, Ұлытауды халықаралық туристік маршруттарға енгізуге мүмкіндік береді.
ДАЛАНЫҢ МӘДЕНИ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ
Биылғы фестиваль бағдарламасы бұрынғыдан да ауқымды болмақ. Қонақтар үшін бес өңірдің этноауылдары тігіліп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдени ерекшеліктері таныстырылады. Ұлттық салт-дәстүрлер сахналанып, қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, белгілі өнер ұжымдары мен Қазақстан эстрадасының жұлдыздары қатысатын концерттік бағдарламалар ұсынылады. Фестивальдің ең басты көріністерінің бірі – бір мезетте 500 биені сауу рәсімі болмақ. Сонымен қатар, көпшілікке «Қымызмұрындық» дәстүрі көрсетіліп, алғашқы қымыздың дайындалу рәсімі сахналанады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрініс тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ауқымды этномәдени жобалардың біріне айналуы мүмкін.
Бұдан бөлек, 50 құрақшының қатысуымен ұлттық қолөнер көрмесі өткізіліп, қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің үздік үлгілері көпшілік назарына ұсынылады.
ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН МЕРЕКЕ
Бүгінде «Көкмайса – даланың тірі тарихы» фестивалі қарапайым мәдени шара шеңберінен шығып, ұлттық мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызды құралына айналып отыр. Ол тарихи жадымызды жаңғыртып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, жергілікті экономиканы дамытуға және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын күшейтуге қызмет етеді.
Ұлт ұясы – Ұлытаудан басталып, Толағай баурайында өтетін биылғы фестиваль де қазақ даласының ғасырлар қойнауынан жеткен асыл дәстүрлерін жаңғыртып, Ұлытаудың мәдени өміріндегі ең жарқын оқиғалардың біріне айналмақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
