Облыс әкімінің бақылауында: Жезқазғанда құбыр ауыстыру жұмыстары ретке келтірілуде
Берік Әбдіғалиұлы облыс орталығындағы Ұлытау-Сәтбаев көшелерінің қиылысында жүргізіліп жатқан құбыр ауыстыру жұмыстарын бақылады. Жезқазған қаласы «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорыны» АҚ тарапынан өңір басшысына апатты жағдайдан кейін шұғыл қолға алынған жұмыстар баян етілді.
Белгілі болғандай, аталған орынға 11 бірлік техника жұмылдырылған, кәсіпорынның оннан астам қызметкері екі ауысыммен күндіз-түні қызмет етуде. Жағдай — тереңдігі 7.5-8 метр болатын ескі кәріз құбырының шіріп кетуінен орын алған. Салдарынан су жердің үстіңгі қабатын шайып кеткен.
Қазіргі уақытта апат орын алған құдықтан келесі құдыққа дейін ұзындығы 30 метр су құбырын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жезқазған қаласы «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорыны» АҚ басшысы Біркен Құлмановтың айтуынша апат орын алған құдықтан жолдың арғы бетіндегі кәріз коллекторына магистраль тартып, сорғы жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде тұрғын үйлерге, жертөлелерге қалдық судан зиян келіп жатқан жоқ.
Аталған жұмыстар қарашаның 7-8-іне дейін аяқталады деп күтілуде.
Облыс әкімі кәріз коллекторларының жұмыстары аяқталғаннан кейін, қазылған орын жауын-шашын салдарынан езіліп, қолайсыздық тудырмауы үшін биыл бір қабат асфальт жабынын төсеп, келесі жылы жолды күрделі жөндеуден өткізуді тапсырды.