Майдангерлер ерлігі – ел жадында 46 майдангер туралы тарихи дерек

Ұлытау өңірінен тараған бір әулеттің тағдыры арқылы тұтас бір дәуірдің шындығы көрінеді.
Кейде бір әулеттің тарихына үңілсең, тұтас бір халықтың тағдыры көрінетіндей әсер қалады. Әсіресе, сөз 1941-1945 жылдардағы соғыс туралы болғанда… Әр есім — бір тағдыр, ал әр тағдыр – үнсіз қалған бір дәуір.

2026 жылдың сәуір айындағы деректер бойынша, Ұлытау өңіріндегі Бекболат (Бағаналы) бабадан тараған ер азаматтардың жалпы саны — өмірден өткендері мен бүгінгі ұрпағын қоса есептегенде — 2723 адамға жеткен. Бір қарағанда, бұл — жай ғана шежірелік дерек. Ал, сәл кідіріп ойлансаң, уақыттың өзі тіл қатқандай әсер қалдырады. Қызығы… мүмкін бұл заңдылық, мүмкін жай ғана сәйкестік шығар — осынша ауқымды әулет жан-жаққа тараса да, бір-бірінен ажырап кетпеген. Көзге көрінбейтін бір нәзік байланыс бар секілді: ол — елге, жерге деген ортақ сезім. Сол сезім олардың арасындағы ынтымақты сақтап тұрғандай.
Кейде осындай деректерге қарап отырып, шежіре деген тек сан мен есімдердің тізбегі емес екенін түсінесің. Оның ар жағында тұтас бір рух, үзілмеген тамыр, жоғалмаған байланыс жатыр.
Бүгінде бұл әулеттің ұрпақтары Қазақстанның әр өңірінде. Бірақ арадағы рухани жіп үзілмеген. Біреуінің қуанышы — бәріне ортақ, біреуінің қайғысы — бәріне салмақ.
Ара-тұра ойға оралады: байланыс деген тек араласу емес қой. Ол – есімдерді ұмытпау, ата-бабаға деген іштей құрмет, «біз бір тамырданбыз» деген үнсіз сезім. Сол сезім сақталған жерде әулет те жоғалмайды. Бүгінде бұл әулеттің ұрпақтары Қазақстанның әр өңірінде және шетелдерде өмір сүріп жатыр. Соған қарамастан, олардың арасындағы рухани байланыс үзілген емес.
Әулет тарихындағы ең ауыр кезең — соғыс жылдары. Сол уақытта Бекболат ұрпағынан 46 азамат майданға аттанған. Әрқайсысының артында бір отбасының үміті мен сағынышы қалған тағдырлар.
Бүгінде сол жылдары әскерге аттанған 46 азаматтың есімі анықталып отыр. Бұл — жай ғана сан емес. Қарап отырсаң, қырық алты тағдыр, қырық алты үміт, қырық алты шаңырақтың жүрек дүрсілі сияқты.
Анықталған майдангерлердің есімдері — Ақантай Ермағанбет, Асан Жақыпұлы, Асқар Төкеұлы, Әбдіраш Нағызған, Әбдіхалық Қарсақбайұлы, Әлиакпар Аппазұлы, Әлмұқан Оспанұлы, Әлім Андағұлұлы, Әшімхан Сәметұлы, Барақбай Әубәкірұлы, Бибол Жаңабайұлы, Бимырза Жаңабайұлы, Боранбай Сүлейменұлы, Бірман Ысқақұлы, Досжан Шөпенұлы, Дүйсенбек Тасболатұлы, Жаманқара Қожақбайұлы, Жақсымбек Үншібайұлы, Жұпарбай Әлкенұлы, Жиенбай Күзембайұлы, Жүнісбек Байсалбайұлы, Есмағанбет Төкейұлы, Еспенбет Үкібайұлы, Қашқын Айтмағанбет, Кенжебай Байсалбайұлы, Қапаш Жүсіпбекұлы, Қозғанбай Қияқбайұлы, Қыдырма Диханұлы, Құрманбай Әбілдәұлы, Құрманғали Байболсынұлы, Құрман Матайұлы, Құрманқожа Нұрғалиұлы, Мамасейіт Бозшолақұлы, Мыңбай Құланұлы, Мәжит Дүйсенбайұлы, Мұқан Шабанбайұлы, Мұқаш Құманұлы, Мұхамеджан Ахметұлы, Оралбай Сүлейменұлы, Рамазан Баекеұлы, Сауранбай Әбілдәұлы, Сейділдә Жүнісұлы, Сейіт-Әділбек Салықбай, Сұлтанбек Папайұлы, Үсен Жақыпұлы, Хамит Шынымбайұлы. Бұлардың бірі хабарсыз кетті, бірі ерлікпен қаза тапты. Бұл — бір әулеттің ғана емес, тұтас бір кезеңнің шындығы.
Ал, аман оралғандары… олар да соғысты ұмытқан жоқ. Жеңістің қандай бағамен келгенін өмір бойы жүрегінде алып өтті. Елге келіп, еңбек етті, ұрпақ өсірді, бірақ ішкі бір үнсіз естелік олармен бірге өмір сүрді.
Осы қырық алты адамның тағдыры — бір әулеттің ғана емес, тұтас бір кезеңнің шындығы. Бұл соғыс дегеннің құр сандар мен күндер емес екенін дәлелдейтін тірі айғақ.
Бүгінгі ұрпақ үшін бұл есімдер жай ғана тарих болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, бұл — аманат. Еске алу аманаты. Ұмытпау аманаты.Өйткені, ерлік — бір күндік емес. Ол ұрпақ жадында өмір сүргенде ғана мәңгілікке айналады.
Майданға аттанғандардың басым бөлігі 18 — 25 жас аралығындағы жігіттер еді. Өмірдің ең басталар шағында олар қару асынып, белгісіз бағытқа аттанды. Олардың арасында соғысқа дейін әскери борышын өтеп жүргендер де болды — олар үшін бейбіт өмір мен соғыстың арасында үзіліс болмады.
Тағы бір ауыр жайт – кейбір отбасылардан екі бірдей ұл майданға аттанған. Олардың кейбірі елге оралмады, енді бірі мүгедек болып қайтты. Бір шаңырақтың қос тірегінен айырылу – бұл жай ғана статистика емес, бұл адам төзгісіз қайғы.
Жалпы, соғыс жылдарында Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанды. Олардың 589 мыңнан астамы елге оралмады. Бұл-әрқайсысы жеке тағдыр. Бекболат ұрпақтарының 46 майдангері – сол ұлы тарихтың бір бөлшегі. Алайда, дәл осындай тағдырлардан халықтың ортақ ерлік шежіресі қалыптасады.
Бүгінде олардың ұрпақтары бейбіт өмір сүріп жатыр. Бірақ, сол тыныштықтың бағасы — осы есімдермен өлшенеді. Кейде еріксіз ой келеді. Егер, соғыс болмаса, олардың тағдыры қалай өрілер еді?.. Бұл сұрақтың жауабы жоқ. Бірақ, олардың есімі бар. Сол есімдер ұрпақ жадында сақталады. Өйткені, ерлік ешқашан ескерусіз қалмайды.
Қысқаша қайырғанда, ойыма түйгенім зұлым соғыс оралмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жастарымыздың болашағы жарқын болсын!

Ерғали ҚАСЫМБЕК.